Украина мен Еуропа одағы ұсынған Ресейдің басқыншылығын айыптайтын қарар жобасын БҰҰ Бас ассамблеясында бұрынғыға қарағанда азырақ ел қолдады. Ал АҚШ ұсынған құжат қайта қаралып, ол да қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл – Ресей Украинаға жаппай басып кіргелі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған алғашқы қарар. Украина мен Ресей арасында «берік бейбітшілік орнатуға» шақыратын қарарды он мемлекет қолдап, қарсы дауыс бергендер болмады, ал бес мемлекет қалыс қалды, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар орталығы.
Қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттер ұсынған түзетулердің ешқайсысы қабылданған жоқ — үшеуі еуропалық елдерден және екеуі Ресейден ұсынылды. Кейбіреулері жеткілікті дауыс жиналмағандықтан, ал тағы бірі тұрақты мүше қойған ветоға байланысты қабылданбады.
Дүйсенбі күні АҚШ осы қарарды Бас ассамблеяға дауысқа шығарған. Алайда, ол жерде құжат Еуропа елдері ұсынған түзетулермен қабылданды.
ЕКІ ТҮРЛІ ҚАРАР
БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруінің үшінші жылдығына байланысты екі қарар қабылдады: бірі АҚШ ұсынған, екіншісі Киев пен Брюссель дайындаған құжат.
Екі қарар да 93 дауыспен қолдау тапты. АҚШ ұсынған құжатқа 8 ел қарсы дауыс берсе, Киевтің нұсқасына 18 ел қарсы шықты. Қалған мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан қалыс қалды. Жалпы, дауыс беруге 193 ел қатысты.
Украина мен ЕО дайындаған қарар жобасында Ресейдің агрессиясы айыпталып, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына адалдық расталды. Сонымен қатар, Ресейден әскери қимылдарды дереу тоқтатып, Украинадағы басып алынған аумақтардан әскерін шығару талап етілді.
Вашингтон Украина мен Еуроодақтың қарар жобасының тең авторы болудан бас тартып, оның орнына өз нұсқасын ұсынды. Бұл құжатта Ресей агрессиясы айыпталмайды (құжатта ол «қақтығыс» деп аталады) және Украинаның оккупацияланған аумақтары мен Ресейдің халықаралық құқықты бұзғаны туралы ештеңе айтылмайды.
Ресей АҚШ нұсқасына өз түзетуін енгізіп, қақтығысты «оның түпкі себептерін жою арқылы» аяқтауды ұсынды, алайда бұл ұсыныс қабылданбады.