Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген.
ИНФЛЯЦИЯ
Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығын ырықтандыру әсерінің бағалар мен инфляциялық күтулерге таралуы қосымша әсер етіп отыр.
Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады.
Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5% таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды. Осының бәрі баға қысымының орнықтылығы мен кең қамтуын көрсетеді. Бұл проинфляциялық динамика фискалдық және үдемелі квазифискалдық ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді.
Халықтың инфляциялық күтулері қазанда қыркүйектегі 13,2%-ға қарағанда 13,6%-ға дейін өсті. Қысқамерзімді күтулер құбылмалы күйінде сақталып, онымен жоғары белгісіздік қатар жүреді. Ұзақмерзімді күтулер 14,3%-ға дейін артты (бұған дейін – 14%). Жоғары инфляциялық күтулер дезинфляция қарқынын шектеп, бағалардың шығын мен сұраныстың өзгеруіне тәуелділігін күшейтеді.
Сыртқы инфляциялық әсер сақталуда. Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде. Ресейде инфляция бәсеңдегеніне қарамастан, 4%-дық нысанадан едәуір асып түсті. Осыған байланысты реттеуші қатаң риториканы сақтап, тежеуші ақша-кредит шарттарын ұстап тұру қажет деп мәлімдейді. Өз кезегінде, ФРЖ жоғары белгісіздік жағдайында экономикадағы өсімнің бірқалыпты қарқынын, еңбек нарығының төмендегенін және нысанадан жоғары болып тұрған инфляцияның өсе түскенін атап, сақтық тәсілін сақтап отыр. ЕОБ риторикасы да ұстамды күйінде. Реттеуші мөлшерлемені тағы да сақтап қалды. Алдағы уақытта саясатты жеңілдету қарқыны неғұрлым баяу болады деген болжам бар.
Негізгі шешім қабылдау кезіндегі болжамдарды жаңарту аясында базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орта есеппен 1 баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.