ТШО-ның негізгі акционері басшылықты ауыстырады: Chevron-ды не күтіп тұр

Сырым Қаржас

Америкалық Chevron энергетикалық компаниясы"Теңізшевройл" компаниясындағы 50% үлесіне ие бола отырып, кейбір бизнес-құрылымдарын қайта ұйымдастырып, басшылық құрамында өзгерістер енгізілетінін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Shutterstosk

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Chevron компаниясы 2026 жылдың соңына дейін жаһандық қызметкерлер санын 20%-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұған шығындардың артуы мен бизнес-процестердің күрделенуі себеп болған. Сонымен қатар, Hess компаниясын 53 миллиард долларға сатып алу жөніндегі мәміле Exxon Mobil компаниясымен болған арбитраждық дауға байланысты тоқтап тұр.

Біздің жаңа ұйымдық құрылымымыз бен кадрлық тағайындауларымыз Chevron компаниясының операциялық тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді бас директор Майк Вирт.

Басшылықтағы өзгерістер

Компанияның мұнай-газ саласы екі сегментке бөлінеді:

  • Upstream – мұнай өндіру;
  • DM&C – өңдеу, тасымалдау және химиялық өндіріс.

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап upstream бағытына қазіргі таңда Chevron-ның халықаралық барлау және өндіру жөніндегі президенті қызметін атқарып отырған Клей Нефф жауапты болады. Ал Энди Уолц DM&C сегментін басқаруды жалғастырады.

Сонымен қатар, Chevron вице-төрағасы Марк Нельсон компанияның жалпы мұнай-газ саласын қадағалауды жалғастырады.

Техникалық орталық та қайта құрылымдалып, 1 шілдеден бастап оны компания ішінде басшылық қызметтер атқарған Райдер Бут басқарады.

Chevron штаб-пәтерін Калифорния штатындағы Сан-Рамоннан Техас штатындағы Хьюстонға көшіріп, бірнеше топ-менеджерді ауыстырғаннан кейін, 2026 жылға дейін 3 миллиард долларға дейін шығындарды қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жету үшін технологияларды енгізу, активтерді сату және жұмыс процестерін оңтайландыру көзделген.

Қазақстандағы ықпалы

Бұған дейін "Теңізшевройл" компаниясының бас директоры Кевин Лайон Chevron компаниясындағы қызметкерлерді қысқарту мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл өзгерістердің Қазақстандағы жұмыс орындарына қалай әсер ететінін түсіндірген болатын.

2024 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан үкіметі Теңіз кен орнын игеру жобасындағы ел үлесін арттыру бойынша халықаралық серіктестермен келіссөздерге дайындықты бастағаны хабарланған еді.