Қытай тағамынан уланған балалар: лобстер сатылымнан алынады

Ілияс Бақыт

Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Қытайдан әкелінген снектерден алынған сынамалар нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ҚЫТАЙ СНЕКТЕРІНЕН АЛЫНҒАН СЫНАМАЛАР НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Санитар дәрігерлер бұл өнімдерге назар аударуға мәжбүр болды, себебі Қобда ауданында бір сынып оқушылары жаппай улану белгілерімен ауруханаға түсті. Алдын ала болжам бойынша, балалар Қытай таяқшаларын жегеннен кейін немесе олардың иісінен кейін өзін нашар сезінген.

ЗЕРТХАНАЛЫҚ ТЕКСЕРІС ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

"Санитарлық-химиялық зерттеулер нәтижесінде сынамалардан қорғасын, кадмий және мышьяк анықталмады. Микробиологиялық зерттеулерде мезофильді аэробты және факультативті анаэробты микроағзалар, ішек таяқшасы бактериялары, сальмонеллалар, зең саңырауқұлақтары және ГМО табылмады", – деп хабарлады Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

ӨНІМ ҚҰРАМЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖОҚ

Санитар дәрігерлер өнімнің нақты құрамын анықтай алмады. Себебі, тауардың таңбалануында оның қандай шикізаттан жасалғаны туралы ақпарат көрсетілмеген.

ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ ЕМЕС

"Зерттеу нәтижелері бойынша бұл өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, таңбалануында мемлекеттік және орыс тілдерінде өнімнің атауы, құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, пайдалану шектеулері және тағамдық құндылық көрсеткіштері туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты, анықталған сәйкессіздіктерге байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне Ақтөбе қалалық басқармасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің үш қаулысы шығарылып, өнімді айналымнан алып тастау және сатылымнан қайтарып алу туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады департамент өкілдері.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

18 ақпанда Қобда орта мектебінің бірнеше оқушысы Қобда аудандық ауруханасына улану белгілерімен түскен. Белгілі болғандай, оқушылардың бірі мектепке оқу орнынан тыс жерден сатып алынған белгісіз өнімді әкелген. Оны тұтынған жеті бала сол сәтте өзін нашар сезінген, қалғандарына иіс тиген.

ДҮКЕНДЕРДІ ЖАППАЙ ТЕКСЕРІП ЖАТЫР

Белгілі болғандай, 4-ші сыныптың оқушысы Қобдадағы дүкеннен Қытай елінде шығарылған лобстер дәнін мектепке алып келген. Балаларға бөліскен.

“Яғни, балалардың улануына мектеп асханасының қатысы жоқ” дейді ресми органдар. 

Осы жағдай бойынша дүкенге жоспардан тыс тексеру басталған. Тексеру барысында өнімнің растайтын құжаттамасы, техникалық талаптарға сай таңбалары болмай шыққан.