Ресейлік жолаушы ұшақ ұшар алдында мас күйде шу шығарған

Сымбат Сатыбалдина

Астана әуежайында ұшар алдында дүрбелең туғызған шетелдік жолаушыға айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

МӘН-ЖАЙ

Елордалық әуежайда желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуекомпания өкілдерінің актісі бойынша ұшар алдында кенет ұшақтан шығып кетуді талап еткен «Астана–Алматы» рейсінің жолаушысын түсіріп алды. Ер адам жүрегінің ауыруы мен ауа жетіспеушілігіне шағымданып, жағдайының күрт нашарлағанын айтты. Алайда, жолаушының денсаулығы ол ойлағандай  болмай, медициналық көмектің орнына оған алкогольді тексеруден өту қажет болды.

Тексеру барысында Ресей Федерациясының 44 жастағы азаматы жеңіл дәрежелі масаң күйде болғаны анықталды. Ол ұшу уақытын кешіктіріп қана қоймай, сонымен қатар ұшақтың алдыңғы есігінің қосалқы тұтқасын зақымдаған.

Ұшақтағы құқық бұзушылықтар үшін шетелдік жолаушы алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін ұшақта төбелес шығарып, бомба туралы жалған хабар берген жолаушы сотталған болатын. Іс 20 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаған және әуе кемесінің бортында бұзақылық жасағаны үшін жолаушыға қатысты үкім шығарды.

Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайларын, ауырлататын мән-жайдың болуын ескере отырып, сот үкімімен сотталушы Т. ҚК-нің 273-бабы және 293-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылды.