«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Facebook-тегі парақшасы бұғатталғанын хабарлады. Бұған дейін журналистердің құқығын қорғайтын өзге ұйымдар да осындай шектеулерге тап болған еді. Бұл жағдай тағы бір маңызды мәселені алға шығарды: қазір журналистерді кім қорғайды? Бір кездері тілшілердің құқығын қорғаған, кейін билікке келген азаматтар неге үнсіз?
Ulysmedia.kz кәсіби ынтымақтастықтың саясатқа араласқаннан кейін қалай өзгеретінін зерттеп көрді.
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЦИФРЛЫҚ ҚЫСЫМ
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис әлеуметтік желідегі парақшалар мен аккаунттардың бұғатталуын әлдеқайда ауқымды мәселенің бір бөлігі деп санайды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі модерация тетіктері, соның ішінде авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымдар тәуелсіз БАҚ пен қоғамдық ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін.Алайда жаппай шағымдардың артында кім тұрғанын анықтау оңай емес.
– Мұндай тетіктерді журналистерге, блогерлерге және қоғамдық ұйымдарға қысым көрсету үшін пайдалануға болады. Парақшаны біржола бұғаттаудың да қажеті жоқ. Кейде адамды немесе ұйымды уақытша қалыпты жұмыс істеу мүмкіндігінен айырудың өзі жеткілікті. Бірақ әрбір нақты жағдайда деректі болжамнан ажырата білу керек. Егер шағымдарды кім ұйымдастырғанын білмесек, оның артында мемлекет тұр деп кесіп айтуға болмайды, – дейді Жовтис.
Биыл жазда өзінің жеке аккаунты бұғатталған Elmedia бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мұндай әрекеттердің жүйелі сипат алуын кездейсоқтық емес, алдын ала ойластырылған қадам деп бағалайды.
– Парақшаны бұғаттап, қайта ашу – бір минутта шешілетін іс. Бірақ бізге ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Бұл жағдайдың кездейсоқ емес екенін аңғартады. Мұндай әрекеттер әдейі жасалады және, шамасы, бір орталықтан үйлестіріледі, – дейді Ерғалиева.
Дегенмен мәселе әлеуметтік желідегі бұғаттаумен ғана шектелмейді. Нақты қауіп төнген кезде БАҚ пен журналистердің құқығын кім қорғайды? Кезінде журналистикада еңбек етіп, кейін мемлекеттік қызметке немесе саясатқа келген азаматтар өздерінің жаңа мүмкіндіктерін бұрынғы әріптестерінің жағдайын оңалтуға пайдаланып жүр ме?
ЖУРНАЛИСТЕН ШЕНЕУНІККЕ АЙНАЛҒАНДАР
Қазақстандағы журналистика ардагерлерінің бірі Бигелді Ғабдуллиннің сөзінше, 1990 жылдардың басында баспасөз әлдеқайда еркін болды. Ол сол кезеңді романтикалық журналистика дәуірі деп сипаттайды. Алайда уақыт өте келе биліктің тәуелсіз БАҚ-қа көзқарасы өзгере бастаған.
– Бізде де журналистер сенатор, депутат, облыс әкімі болып жатады. Бірақ жоғары лауазымға қолы жеткен соң, ертеңіне-ақ кезінде журналист болғанын ұмытады. Біздің демократиялық елдердегі әріптестерден айырмашылығымыз да осында шығар. Ол жақта журналистер мемлекеттік қызметке ауысса да, кәсіби ынтымақтастық пен баспасөз бостандығын қорғау дәстүрі сақталады. Ал бізде олай бола бермейді, – дейді ол.
Ғабдуллиннің пікірінше, бұрын журналист болған кейбір азаматтар билік жүйесіне кірген соң, өздерін лауазымға жеткізген адамдарға тәуелді болып қалады. Соның салдарынан кәсіби ұстанымдарын кейінге ысырады.
– Олардың көбі билікпен алдын ала келісіп барып мемлекеттік қызметке орналасты. Жүйеге кірген соң, өзіне қызмет берген, билікке жол ашқан адамдарға тәуелді болады. Сөйтіп, бейресми міндеттемелерді бұзуға батылы бармайды. Мұндай жағдайда бұрынғы кәсіби ұстанымдары екінші кезекке ысырылып қалады, – дейді Ғабдуллин.
Гүлжан Ерғалиева билік өкілдерінен баспасөзді жүйелі түрде қорғайды деп күтудің өзі қисынсыз екенін айтады. Оның сөзінше, билік құрылымындағылар өз мүддесіне қайшы келетін нәрсені қорғай алмайды.
– Журналистерді билік өкілдері жүйелі түрде қорғайды деп күтудің қажеті жоқ. Олар өз мүддесіне қайшы келетін нәрсені қалай қорғамақ? Парламент пен Құрылтайда тәуелсіз депутаттар жоқ, бүкіл жүйе бақылауда. Билікке журналистер не үшін керек? Олар жұртпен тіл табыса алады, ойын нанымды жеткізеді, танымал. Оларды осы қасиеттері үшін тартады, – дейді Elmedia бас редакторы.
Дегенмен журналистикадан немесе құқық қорғау саласынан саясатқа ауысу адамның бұрынғы ұстанымынан бірден бас тартқанын білдірмейді. Бастысы – қолына тиген өкілеттікті қалай пайдаланатыны.
«ӘДІЛ СӨЗДЕН» ҚҰРЫЛТАЙҒА ДЕЙІН
Бұған мысал ретінде Қарлығаш Жаманқұлованы атауға болады. Ол 2022 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы шілдеге дейін «Әділ сөзді» басқарды. Ал 2026 жылғы тамызда «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаты атанды.
1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қордың басты мақсаты – «елдің күнделікті өмірінде еркін, объективті және озық журналистиканы орнықтыру арқылы ашық азаматтық қоғам қалыптастыру».
2026 жылғы қаңтарда Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жаманқұлова отандық БАҚ-ты қолдау мәселесін көтерген еді. Енді оның депутаттық мандаты бар, яғни мұндай бастамаларды заң шығарушы органда да ілгерілетуге мүмкіндігі жетеді.
Жаманқұлованың бұрынғы қызметін ескерген журналистер қауымы оның БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмысына белсенді араласып, әріптестерінің мүддесін қорғайды деп күткен. Алайда олай болмады.
Айнұр Қоскина Құрылтай отырысынан кейін депутатты сөзге тартып, бұрын құқық қорғау саласында еңбек еткен адамның БАҚ мүддесіне қатысты мәселелерді неге көтермейтінін тікелей сұрады. Жаманқұлова БАҚ туралы заңнаманы өзгерту жұмысына қатысудан өз еркімен бас тартқанын, тек заң жобасының таныстырылымына қатысқанын айтты.
– Кейбір журналистермен арадағы қарым-қатынасымның күрделі болғанын ескере отырып, өзім үшін күте тұру ұстанымын таңдадым. Мен өзгенің ойын оқи алмаймын ғой. Сіз маған хабарласып, «мынадай түзетулерге қатысты сұрағым бар» деп айтқан жоқсыз. Сізден де, басқа журналистерден де ондай қоңырау болған жоқ, – деді ол.
«Әділ сөздің» парақшасы бұғатталған кезде Ulysmedia.kz редакциясы да Жаманқұловамен байланысуға тырысты. Депутаттың Құрылтайда журналистерді қорғауға бағытталған бастамалар көтеру-көтермеуі және сөз бостандығы шектелген жағдайларға жария түрде үн қатуды қаншалықты маңызды санайтыны туралы сұрақтарымызға жауап ала алмадық. Хабарламаларымызға да, қоңырауларымызға да үн қатпады.
Гүлжан Ерғалиева қордың негізін қалаған Тамара Қалееваның тұсында ұйым мемлекет пен олигархиялық топтардан тәуелсіз болғанын айтады. Бұған тікелей халықаралық қаржыландыру мүмкіндік берген.
– Қалеева кезінде ұжым жарғыға сай жұмыс істеп, журналистерді қорғап, мониторинг жүргізе алатын. Ол кеткеннен кейін ұйымның құрылымы мен басқару жүйесі өзгерді, қордың белсенділігі де бұрынғыдай байқалмай қалды. Сондықтан Қарлығаш Жаманқұлованың парламентке кетуі мен үшін түсінікті жағдай. Ол қандай да бір себеппен осы саяси жүйеге қажет болды, – дейді Ерғалиева.
Бигелді Ғабдуллин депутаттық мандат бұрынғы кәсіби қызметті ұмытуға себеп болмауы керек деп есептейді. Керісінше, ол журналистерді қорғауға қосымша мүмкіндік береді.
– Құқық қорғау саласынан билік құрылымдарына ауысу адамның бұрынғы көзқарасынан бас тартқанын білдірмейді. Бірақ ол өз ұстанымын сақтап қалғанын ісімен көрсетуі керек. Егер жылдар бойы журналистерді қорғап, сөз бостандығы үшін күрессең, депутаттық мандат алған соң бұрынғы қызметіңді ұмытуға болмайды. Керісінше, енді бұл мәселелерді саяси алаңда көтеруге тағы бір мүмкіндік туады, – дейді ол.
Ал Евгений Жовтис мәселе бір ғана адамға қатысты емес екенін айтады. Оның пікірінше, парламентте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген бұрынғы журналистердің қаншасы тәуелсіз БАҚ-ты қорғап сөз сөйледі деген сұраққа жауап іздеу керек.
– Парламентте журналистер аз болған жоқ. Бірақ олардың көбі ашық үн қатпады. Ақпарат тарату туралы бірдеңе айтқанымен, негізінен мемлекеттік саясаттың аясынан шықпады. Құрылтай – рұқсат етілген пікірталастар өтетін орын. Ал тәуелсіз баспасөз мәселесі бұл күн тәртібіне үнемі сай келе бермейді, – дейді ол.
Гүлжан Ерғалиева кәсіби ынтымақтастықтың әлсіздігін Қазақстанда ортақ мүддені көздейтін біртұтас медиа қауымдастықтың қалыптаспағанымен байланыстырады.
– Баспасөз тәуелсіз болған жерде ғана ынтымақтастық болады. Ал бізде ірі медиа ресурстар тарихи тұрғыдан биліктің әр тармағының, түрлі клан мен бизнес топтарының мүддесіне қызмет етіп келді. Бір ақпарат құралы қудалауға ұшыраса, басқалары шетте қалады. Ең бастысы, өздері жабылып қалмаса болғаны. Сондықтан қазір кәсіби ынтымақтастық туралы айту өте қиын, – дейді ол.
Бигелді Ғабдуллиннің пікірінше, адамның қандай қызмет атқаратынына қарамастан, әріптестерінің алдындағы жауапкершілігі өзгермеуі керек.
– Бәрі адамның арына байланысты. Журналистің ары болса, депутат, министр немесе шенеунік атанса да, әріптестерін ұмытпай, олардың кәсіби құқығын қорғауы керек. Өкінішке қарай, бізде көбіне керісінше болады. Кейбір әріптестер билікке жақындаған соң, соның ыңғайына жығылады. Есімдерін атамай-ақ қояйын, ондай мысалдар жеткілікті. Мұнда қандай лауазым атқаратының маңызды емес. Ең бастысы, өз ұстанымыңды сақтап қалдың ба, әлде саяси адалдыққа айырбастадың ба – мәселе осында, – дейді ол.
БҰЛ УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС ПА?
Баспасөзден алшақтау үрдісі қазір құқық қорғаушылар мен БАҚ-тың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттаумен ғана шектелмейді. Құрылтай мен мемлекеттік органдарда да журналистермен байланыс түбегейлі өзгерген. Бұрын тілшілер шенеуніктермен дәлізде, отырыстан кейін еркін сөйлесе алатын. Қазір мұндай әңгімелерге тосқауыл қойылып, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер БАҚ-пен тікелей байланыстан барған сайын алшақтап барады.
Евгений Жовтистің айтуынша, мұндай тұйықтық пен медиа кеңістікке қысым тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Оның пікірінше, бұл – әлемде демократиялық даму қарқынының бәсеңдеуінің бір көрінісі.
Сарапшы қазір көптеген елде оңшыл саяси күштер ықпалын арттырып, демократиялық институттар әлсірей бастағанын алға тартады. Халықаралық жағдай да күрделене түскен. Жовтис Ресей мен Украина арасындағы соғысты, Таяу Шығыстағы оқиғаларды, АҚШ пен Иранның қарым-қатынасын, сондай-ақ Еуропа, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қайшылықтарды мысалға келтіреді.
Оның бағалауынша, мұндай жағдайда Қазақстанның саяси кеңістігі де сыртқы үдерістердің ықпалында қалып отыр. Ал ел ішінде саяси жүйені демократияландыруға негіз болатын айқын алғышарттар әзірге байқалмайды.
Жовтис әлемдегі ахуалды бағалайтын V-Dem зерттеуін де мысалға келтіреді. Бұл зерттеуде 180-нен астам елдегі демократияның жай-күйі сараланады. Зерттеу дерегіне сәйкес, былтыр әлемде автократиялық елдердің саны демократиялық елдерден алғаш рет асып түскен.
– Автократиялық елдер саны 92-ге жетсе, демократиялық елдер 88 болды. Дегенмен бұл аса үлкен құлдырау емес. Жағдайды тым мүшкіл деуге келмейді. Демократия дамып жатқан елдер де бар, процесс жалғасып жатыр. Қалай болғанда да, ол тоқтамайды, – дейді Жовтис.
Құқық қорғаушы қазіргі кері шегініс қанша уақытқа созылатынын болжау қиын екенін мойындайды. Оның пайымдауынша, демократиялық өзгерістер біркелкі жүрмейді: шегініс кезеңдерінен кейін қайта ілгерілеу басталуы мүмкін.
Жовтис 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына мүмкіндік туғанын еске салды. Бірақ оның пікірінше, тарихтың даму үдерісі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мәселе тек жаңа өзгерістер қанша уақытты талап ететінінде.