Жаңа ипотекалық бағдарлама басталады: шарттары қандай

Ілияс Бақыт

"Наурыз" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 5 наурызда басталады. Бағдарламаның операторы – Отбасы банк. Өтінімдер 31 наурызға дейін қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР

Негізгі талаптар:

  • Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасында өз меншігінде тұрғын үйі болмауы керек;

  • Соңғы алты ай ішінде ресми кірісі болуы қажет.

"НАУРЫЗ" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ

  • Бастапқы жарна – 20%-дан бастап;

  • Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ – 7.3%-дан 8.9%-ға дейін);

  • Қалған санаттар үшін мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ – 9.3%-дан 11.8%-ға дейін);

  • Кредит мерзімі – 19 жылға дейін;

  • Максималды қарыз сомасы:

    • Алматы және Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін;

    • Басқа өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін;

  • Несие сомасының 20%-ына дейін жөндеу жұмыстарына қаражат қосуға болады.

"НАУРЫЗ" БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН НЕ ҚАЖЕТ

  • Міндетті талап – Отбасы банкінде депозиттің болуы. Депозитті өтінім беру алдында ашуға болады;

  • Депозиттегі ең төменгі сома – 2 млн теңге. Бұл сомадан аз депозиттер өтінім беруге жарамсыз.

ИПОТЕКАЛЫҚ "НАУРЫЗҒА" ҚАЛАЙ ӨТІНІМ БЕРУГЕ БОЛАДЫ

  • Өтінімдер жұмыс күндері 9:00-ден 21:00-ге дейін онлайн қабылданады;

  • Отбасы банкінің сайтына кіріп, Baspana Market бөлімінде авторизациядан өтіңіз;

  • "Менің өтінімдерім" бөлімінде "Наурыз" бағдарламасын таңдап, "Өтінім беру" түймесін басыңыз;

  • Бағдарлама шарттарымен танысып, тұрғын үй сатып алатын өңірді және өтінім беру сәтіндегі тұратын өңірді таңдаңыз;

  • Шарттармен келісіп, "Жалғастыру" түймесін басыңыз;

  • Депозитті таңдап, келісіміңізді растаңыз;

  • Телефон нөміріңізге келген SMS кодты енгізіңіз;

  • Жеке мәліметтеріңізді тексеріп, растаңыз;

  • Мемлекеттік базалар арқылы өтініш беруші мен жұбайының меншік құқығы тексеріледі;

  • Банк тарапынан тұрғын үйге тексеріс жүргізіледі (үш жұмыс күнге дейін созылуы мүмкін);

  • Сәтті тексерістен кейін "Растау" түймесін басыңыз;

  • Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінімді растаңыз. Өтінім қабылданды.

КІМДЕР ӨТІНІМ БЕРЕ АЛАДЫ

  • Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар;

  • Жұмыс істейтін жастар;

  • Жас отбасылар;

  • Тұрғын үй төлемдерін алушылар;

  • Отбасы банкінің салымшылары;

  • Моноқалалар, аудандық орталықтар мен ауылдық елді мекен тұрғындары.