Көрпеге қарап көсілу ме? ШҚО-да шенеуніктер 160 млн теңгеге көліктерді сатып алмақ

Сырым Қаржас

Бюджетте тапшылық туындап, президент қазына қаржысын үнемдеуді ескертіп жатқанда Өскемен қаласы әкімінің аппараты 20 млн теңгенің көлігіне тапсырыс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі күйіп тұрған мәселе – бюджет тапшылығы. Халықтың ақшасын мақсатты пайдалану және үнемдеу маңызды.

Биылғы қаңтар айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет» деген.

Үкіметтен бастап барлық мемлекеттік органдар «эконом режимге» көшіп жатқанда ШҚО шенеуніктері автопарк жаңартуға кірісті. Олар сатып алатын көліктердің жалпы құны – 160 млн теңгеден асады.

ЕҢ ҚЫМБАТ КӨЛІК КІМДІКІ?

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке сүйенсек, Өскемен қаласы әкімінің аппараты отандық компаниядан 13 млн теңгеге жаңа көлік сатып алған. Дәл сол компанияға Өскемен қалалық білім бөлімі де тапсырыс беріп, 8 млн теңгенің мәшінін алдыртқан.

Сонымен қатар Күршім аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 млн теңгеге, Алтай ауданының Средигорное ауылдық округі әкімінің аппараты 8 млн теңгеге, Алтай ауданының Зубовка кенті әкімінің аппараты 7,5 млн теңгеге, Марқакөл аудандық экономика және қаржы бөлімі 17 млн теңгеге, осы ауданның сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі 17 млн теңгеге көлік сатып алған.

ТАҒЫ БІР ПАРТИЯ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Шығыстағы сатып алулар мұнымен бітпейді. Таяуда Өскеменге жаңа автокөліктердің тағы бір партиясы жеткізіледі. Мемлекеттік сатып алулар порталына жүгінсек:

  • ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының “Ақпараттық технологиялар орталығы” 16 млн теңгенің көлігіне;
  • Өскемен қаласы әкімінің аппараты 20 млн теңгенің көлігіне;
  • ШҚО дін істері мәселелерін зерттеу орталығы 16 млн теңгенің көлігіне;
  • ШҚО мемлекеттік архивтер 15,5 млн теңгенің көлігіне;
  • ШҚО білім басқармасының “Жасөспірімдер үйі” КМК 8 млн теңгенің көлігіне тапсырыс берген.

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдары сатып алған және енді сатып алатын көліктердің жалпы сомасы 160 млн теңгеден асып тұр.