Халық несиеге батып кеткен: банктер енді кредитті оңды-солды беруді тоқтатады

Сырым Қаржас

Қазақстанның қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі кезекті отырысын қорытындылап, капиталдың секторлық контрциклді буферін (ККБ) енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шара халықты кредиттеуге байланысты енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Енді халықты кредиттеу сегментінде тәуекел өлшенген активтердің 2%-ы мөлшерінде белгіленеді. Банктер аталған талапты 2026 жылы 1 сәуірден бастап орындай бастайды. Осылайша, банктерге капиталды жинақтау және жаңа секторлық ККБ талаптарын орындау үшін 12 айлық өтпелі кезең беріледі. Бұл талап банктер үшін қолданыстағы жеткіліктілік нормативіне қосымша ретінде енгізіледі.

“ҚЫЗЫП КЕТКЕНІ БАЙҚАЛАДЫ”

Қазір банк секторының жағдайы тұрақты деп бағаланады: өтімділік қоры жеткілікті, кредиттік портфельдің сапасы жоғары, капитал деңгейі жеткілікті және кірістілік көрсеткіштері тұрақты. Алайда халықты кредиттеу нарығында «қызып кету» белгілері байқалады, бұл кредиттеудің басқа бағыттармен салыстырғанда жеке тұлғалардың кредиттік портфелі қарқынды өсіп келе жатқанымен дәлелденеді.

Осылайша, соңғы үш жылда халықты кредиттеу көрсеткіші жылына орта есеппен 27%-ға өссе, жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнесті кредиттеу қарқыны орта есеппен 17%-ды құрады. Халықты кредиттеудің негізгі өсіміне орташа мөлшерде жылына 31%-ға өскен тұтынушылық кредит беру көрсеткіші ықпал еткен.

Кредиттеуде «қызып кету» белгілерін анықтау үшін халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тағы бір көрсеткіш – кредиттердің ЖІӨ-ге арақатынасының ұзақмерзімді трендтен ауытқуы немесе ЖІӨ-ге шаққандағы кредит ГЭП-і. Аталған көрсеткіштің оң аймаққа ауысуы, әдетте, кредиттік циклдің өсу кезеңінде жүйелік тәуекелдердің жинақталуын көрсетеді.

РЕСМИ ЕСЕП

Ұлттық банктің ресми есебінде 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 40,9 трлн теңгені құрап, 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 22,3% ұлғайған.

КӨБІ КІМДЕ

Қарыз алушылардың санаттары бойынша кредиттердің жалпы көлемінің 46,0% бизнес кредиттеріне тиесілі (кәсіпкерлер бизнес мақсаттары үшін алған несие) 54%-ы халыққа берілген кредиттерге тиесілі.

БІР ЖЫЛДЫҚ ӨСІМ

Бұл ретте бизнеске кредиттер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 20,6% өсіп, 18,8  трлн теңгені құраса, халыққа кредиттер 23,7% ұлғайып, 22,1 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір жылда 18,9%-ға 36,8  трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасында 64%-ға 4,1 трлн теңгеге дейін өскен. Банк секторының кредиттері жалпы несиелердің жалпы көлемінің 85,8%-н құрады.