Семей әуежайында "Флай Арыстан" компаниясымен ұшпақ болған белгілі ақын әрі асаба Әлібек Серғалиев келеңсіз жағдайға тап болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"ФЛАЙ АРЫСТАН" НӨЛ: ӘЛІБЕК СЕРҒАЛИЕВТІҢ СЕМЕЙ ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ШУЫ
Әуежай қызметкерлері оның костюм-шалбарының салмағы асып кетті деп қосымша ақша төлеуді талап еткен. Ақынның айтуынша, бұл әрекет ешқандай этикалық нормаларға сай емес.
"Мынау костюм шалбар перевес болғаны үшін Семейдің әуежайында өткізбей жатыр. Мынаған ақша төле дейді. Немесе үстіңе киіп ал да кет дейді. Ұшақтың өзі кешігіп жатыр. Ешқандай этикалық тұрғыда дүние жасап жатқан жоқ", — дейді Әлібек Серғалиев.
"ФЛАЙ АРЫСТАННЫҢ" ӘДІЛЕТСІЗДІГІ МЕ?
Серғалиевтің айтуынша, әуежай қызметкері оның әр қимылын аңдып, тіпті ұялмай сол жерде тұрған. Бұл жағдай ақынды ашуландырғаны соншалық, ол әдейі сол костюмді үстіне киіп алған.
"Әдейі үстіме киіп алам да осы костюмді өтемін. Соны мына қыз аңдып тұр. Соған ұялмайсыз ба?! Айналдырған граммдарға бола... Бәрібір өттім. Флай Арыстан нөл", — деп наразылығын білдірді ақын.
Әлібек Серғалиевтің айтуынша, бұл әрекет тек оның өзіне ғана емес, жалпы қарапайым халыққа жасалған әділетсіздік.
"Әдейі істедім. Ақша жоқтықтан емес. Қаншама халықты сіздер қор қылып жүрсіздер", — дейді ол.
ӘУЕЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЛЫҒЫ
Әуежай қызметкерлерінің осындай әрекеті тек Әлібек Серғалиевтің ғана емес, жалпы жолаушылардың ашуын тудырғандай. Ұшақтың кешігіп, қызметкерлердің дөрекі қарым-қатынасы да жағдайды ушықтырған.
Әзірге компания тарапынан ешқандай ресми түсініктеме берілген жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Осыдан бірнеше апта бұрын Fly Arystan әуе компаниясы дауға қалған еді.
Әуежайдағы шудың видеосын әлеуметтік желіде журналист Асхат Ниязов жариялаған еді. Ниязов Fly Arystan әуе компаниясының қызметкері мен жолаушылар айтысып жатқанын көруге болады. “12 адам өз бортымен ұша алмай қалды” деп жазды Асхат Ниязов желіде.