Ақтөбеде 14 жасар Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты сот ісі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ БАСТАЛДЫ
Айыпталушылар ретінде алты жоғары сынып оқушысы қарастырылуда, ал жәбірленуші ретінде 13 оқушы танылған, олардың ішінде қайтыс болған бала да бар. Іс жабық тәртіпте қаралады, өйткені айыпталушылар мен жәбірленушілер кәмелетке толмағандар. Нұржанның туыстары істің әділ шешілуін талап етуде.
Қайғылы оқиға өткен жылы орын алған, сол кезде жоғары сынып оқушылары баланы қатігездікпен ұрып-соққан және ол ес-түсін жоғалтқанда көмек көрсетпеген. Бұл оқиғаға барлығы 18 адам қатысқан, олардың ішінде спорт шеберлері де бар. Бұл туралы марқұмның туысы Мереке Қалдыбаева айтып өтті.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Сол тұста Нұржанның әпкесі күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп алаңдап, БАҚ-қа шыққан еді. Әпкесінің айтуынша, оқиға орнында Нұржанды қосқанда 19 адам болған. 11-ші сынып оқушылары төменгі сыныпта оқитын балаларды жинап, өздерінше тәртіпке салмақ болған. «Інім сол әрекеттен қайтыс болды» дейді Аяжан.
Оны 15-ке жуық оқушы жабылып сабаған. Бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Кейін барлығы оқиға орнынан ізін суытқан. Інім айдалада жалғыз қалып, азаптан өлді. Мұрны мен құлағынан көп қан кеткен. Өмірлік маңызды органдарына соққы тікелей әсер етті, – деген еді былтыр марқұмның туыстары.
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Нұржан Сыдықтың өлімі бойынша тергеуді жеке бақылауға алынғанын хабарлаған еді. “Үлкен балалар кішкентайларға сабақ береміз деп, бір-біріне ұрғызған” деген еді сол тұста бас прокурор. Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бұл факт бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізген болатын.
Кейін марқұмның әпкесі Аяжан редакциямызға хабарласып тергеуге наразы екенін жеткізген еді.