Грузия Парламенті 1938 жылғы АҚШ-тың Шетелдік агенттерді тіркеу туралы заңының (Foreign Agents Registration Act) аудармасын қамтитын заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАҢ ЖОБАСЫ БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА ҚАБЫЛДАНДЫ
Парламентте тек билеуші партия — "Грузин арманы" депутаттары отыр. Заң жобасын 84 депутат қолдады, қарсылық білдіргендер болмады. Оппозиция қазан айындағы сайлауды заңсыз деп санап, Парламент жұмысына бойкот жариялаған.
"ШЕТЕЛ АГЕНТІ" ДЕП ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫ ДА ТАНУЫ МҮМКІН
Парламенттің заңдық комитетінің төрағасы Арчил Гордуладзе жаңа заңды "америкалық заңның егжей-тегжейлі аудармасы" деп атады. Ол 2024 жылдың жазында Грузияда "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заң күшіне енгенін еске салды. Бұл заңды халықтың жаппай наразылығына қарамастан қабылдаған болатын.
Жаңа заңның ерекшелігі — оның қарапайым азаматтарға да қатысты болуы. Қолданыстағы заң тек ҮЕҰ-дар, ұйымдар, онлайн-медиа және таратушыларға бағытталған болса, америкалық заң жеке тұлғаларды да қамтиды.
"Жеке тұлға да шетелдік күш немесе агент болуы мүмкін", — деп атап өтті Гордуладзе.
Telegram-арнасы Tbilisi Life жаңа заңның тіркеуден бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікті қарастыратынын хабарлады. Бұған дейін алғашқы "шетел агенттері" туралы заң қабылданғанда, ҮЕҰ-лардың басым бөлігі мемлекеттік тіркеуге тұрудан бас тартқан еді.
ЖАҢА РЕПРЕССИВТІК ЗАҢДАР
4 наурызда Грузия Парламенті репрессивтік деп танылған тағы бірқатар шешімдерді бірінші оқылымда қабылдады. Грузия теледидарының Бірінші арнасының мәліметінше, енді ҮЕҰ-дар мен қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуы міндетті болмайды.
Сонымен қатар, шетелден қаржыландырылатын БАҚ-тарға шектеулер қарастырылған. TV Pirveli оппозициялық телеарнасы хабарлағандай, жаңа түзетулерге сәйкес судьялар, прокурорлар және барлық шенеуніктерге шетелге біліктілікті арттыру үшін шығуға тыйым салынуы мүмкін.
ГРУЗИЯ ПАРЛАМЕНТІНЕ СЫН
Грузиндік саяси сарапшы Гела Васадзе DW арнасына берген пікірінде Грузия Парламентінің жұмысын "ашулы принтер" деп атап, қабылданып жатқан заңдардың елде авторитарлық режим қалыптастыруға бағытталғанын айтты.