Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада жолдарды кеңейту бастамасын қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТТЫҢ СҰРАҒЫ
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Серік Жұманғариннен болашақта Астана көшелерін кеңейту қаншалық мүмкін екенін сұрады.
- Астананың қалай салынғанын білеміз. Кезінде оны жапон сәулетшілері де айтты. Олар теңіздің түбінде қала салып үйренген. Бізде, құдайға шүкір, Сарыарқаның төрінде еркін, үлкен қала салуға мүмкіндік бар. Әріптестерім айтып отырғандай қалада кептеліс, көлік қоятын жер жоқ. Мұның бәрі халыққа ыңғайсыздық тудырады. Қаланың оңтүстігінде, солтүстігінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соларды кеңірек қылып салуға бола ма?, дейді Дайрабаев.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕДІ
Серік Жұманғарин бұл мәселе жөнінде концепция барын айтты.
- Концепция бар: қаншама рет жолды көбейтсең де, көлік соғұрлым көбейе береді. Дамыған мемлекеттерде жолды кеңейтпейді, қысқартады. Қоғамдық көліктерге отырсын дейді. Қаланың орталықтарында бір принцип бар: адамды әкелесің, тоқтайтын жер жоқ. Тұрақ жоқ. Тоқтасаң удай қымбат. Әкелесің, көліктің алдынан шығады болды. Бетінен сүйесің де кете береді ол. Тұратын орын жоқ. Қоғамдық көлікпен ғана жүресің. Бірақ ол бөлек әңгіме. Себебі жолды кеңейтудің еш керегі жоқ. Қоғамдық көлікті дамыту керек. Астанада!, дейді Жұманғарин мәжіліс отырысында.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада көлік кептелісі күшейіп кеткенін айтқан болатын.
- Оған бәріміз куәміз. Жалпы қала әкімінің тиісті қабілеті бар. Тиянақты жұмыс істеуде. Дегенмен Астанада көлік кептелісі мәселесі өте өзекті болып отыр. Сондықтан осы бағытта шұғыл шаралар мен шешімдер қабылдау қажет. Тағы бір маңызды міндет тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар салу. Бұл мәселе тек елордаға емес, барлық облыстардың басты қалаларына қатысты. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы, жерасты коммуникацияларының құрылысы және жөндеу жұмыстары басты назарда болуы қажет, деді президент.