Біз шет жағасын ғана айттық – Жұманғарин Bazis-A мен Bi Group-тың салық берешегі жайлы

Аян Өрібай

Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Bazis-A мен Bi Group құрылыс компанияларына салық берешегі жөнінде жіберілген хабарлама жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ

Екі апта берілді. Қазір бір аптаның ішінде ештеңе айта алмаймын. Әлі ақпарат алған жоқпын. Ақпарат болғанда уақытында хабарлаймыз. 

Бізде камералды бақылау деген бар. Былтыр, мәселен бизнеске осындай 400 мыңға жуық анықтама жібердік. Биыл құрылыс компанияларына тек шет жағасын ашып айттық. Сол себепті бұл бір ерекше құбылыс емес. Содан кейін біз ешқандай санкция салмаймыз. Оны басқа елдер салып жатыр. Біздің тек әкімшілік шараларымыз бар. Салық комитеті бар, – дейді ол.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ХАБАРЛАМА

Осыдан бір апта бұрын мемлекеттік кірістер органдары ірі құрылыс компаниялары санатындағы «Bazis-A» және «Bi Group» қанша сомада салық кірістерін төмендетіп көрсеткені жөнінде ақпарат берген еді. Мемлекеттік кірістер органдары «Bazis-A» компаниясына 4,6 млрд теңге, «Bi Group» компаниясына 11,9 млрд теңге мөлшерінде салыққа жататын кірістерін төмендетіп көрсетілгені жөнінде хабарлама жіберген.

КЕРІ САНАҚ БАСТАЛДЫ

Ulysmedia.kz редакциясы еліміздің қазіргі экономикалық жағдайына көңілі толатындардың және түрлі дағдарыстарға қарамастан Forbes тізімінде жоғарылап келе жатқан алпауыттардың ашуын тудыратынын біле тұра, әділетті салық жүйесі мәселесін көтергенін бұған дейін жазған еді. Біз «әділетті» салық деген ұғымның мән-маңызын ашып көрсетуге тырыстық, сарапшылармен бірге ҚҚС-ты кімдер төлеуі тиіс екенін талдадық, сондай-ақ салық реформасы шағын және орта бизнесті күйретуі мүмкін бе, әлде жоқ па деген сұраққа жауап іздедік. Бірақ неліктен мемлекеттік қазына таусылып барады деген басты сұрағымызға ешкім нақты жауап бере алмады.

Қоғам осылай әрі-сәрі күй кешіп тұрған шақта әдетте сөзге сараң премьер-министр Олжас Бектенов күтпеген жерден дипломатиялық әдептілікті ысырып қойып, олигархтарға салық мәселесі бойынша үндеу жасады. Толығырақ сілтемеден оқи аласыз.