“Самұрық-Қазына” қоры Астанадан 28 млрд теңгеге ғимарат сатып алды

Сымбат Сатыбалдина

“Самұрық-Қазына” қоры Астанадан 28 млрд теңгеге ғимарат сатып алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ratel.kz басылымына сілтеме жасап. 

Ulysmedia.kz коллажы

ҒИМАРАТ

Adata ақпараттық базасының мәліметтері бойынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өткен жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-дан 28 млрд теңгеге кеңсеге арналған ғимаратты сатып алған. Ал ұзақ уақыт бойы «ҚазМұнайГаздың» акционері «Самұрық-Қазына» қоры болды, яғни де-факто «Самұрық-Қазына» ғимаратты өзінен-өзі сатып алған.

Келісімшарттың өзі ашық дерекқорда болмағандықтан, «Самұрық-Қазынаға» сұрау жолдап, сатып алынған ғимараттың техникалық сипаттамаларын анықтау сұралған. Оның ішінде ғимараттың мекенжайы, қанша қабаттан тұратыны, салынған жылы, құрылысқа қаржы қайдан түсіп жатқаны, тапсырыс беруші, мердігер, ғимараттың бастапқы мақсаты және оны қазір не үшін пайдаланып жатқаны туралы сұрақтар қойылған. Сондай-ақ, қордан келісімшарттың мән-жайын ашуды және ғимараттың қазіргі пайдалану мақсатын түсіндіру сұралған. 

ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

Алайда «Самұрық-Қазына» бұл сұрақтардың көпшілігін жауапсыз қалдырған, бірақ мәміленің болғанын растады:

«Самұрық-Қазына» АҚ «ҚазМұнайГаз» АҚ-дан кеңсе ғимаратын сатып алу корпоративтік рәсімдер аясында жүзеге асқанын растайды. Келісім сомасына ғимарат қана емес, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жылжымалы мүлік те кірді. Оған кеңсе жабдықтары, қауіпсіздік және инженерлік жүйелер кіреді. Қазіргі уақытта ғимарат мемлекеттік меншікке берілді, оның негізгі пайдаланушылары – энергетика министрлігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі, деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына».

Алайда ғимаратты мемлекеттік меншікке беру шарттары жарияланбады. Сонымен қатар, бастапқыда бұл ғимаратты не үшін сатып алу қажет болғаны да түсіндірілмеген.

ҒИМАРАТ ТУРАЛЫ

28 млрд теңгеге сатып алынған ғимарат Астанада, Қабанбай батыр даңғылы, 19 мекенжайында, А және Б блоктарында орналасқан. Бұл – әйгілі «ҚазМұнайГаз» әкімшілік ғимараты, ол қасбеті айнадан жасалған, мұнарасы және аркасы бар ғимарат. Ол «Хан Шатыр» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан, ал БАҚ мәліметтері бойынша, оның жалпы ауданы 70 000 шаршы метр. Ғимарат 7-ден 18 қабатқа дейінгі бірнеше бөлек блоктан тұрады.