Ulysmedia.kz порталы Халықаралық әйелдер күніне орай ел назарындағы танымал сырғалылар кім екенін анықтап көрді.
Бибісара Асаубаева
Бибісара Асаубаева – қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019), Азия чемпионы (2021).
Ол 2004 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Кезінде президент әкімшілігінде қызмет етіп, кейін мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Бағлан Майлыбаевтың туысқаны болып келеді.
Шахматқа қызығушылығы ерте оянды – 4 жасынан бастап ойнай бастады. Оған ең алғаш атасы үйретсе, кейін анасы Лиана Таңжарықова қолдау көрсетіп, үлкен жетістіктерге жетуіне көмектесті.
2011 жылы Польша мен Бразилияда өткен шахмат турнирлерінде жеңіске жетіп, 7 жасқа дейінгі және 8 жасқа дейінгі балалар арасында ФИДЕ шебері атағын иеленген. Осы жетістігі арқылы шахмат тарихындағы ең жас ФИДЕ шебері атанған.
2019 жылы әйелдер арасындағы гроссмейстер атанып, кейін 2020 жылы ерлер арасында халықаралық шебер атанған (2020).
2021 жылы 17 жасында блиц бойынша әлем чемпионы атанып, бұл жетістікке жеткен ең жас шахматшы болды.
2022 жылы блицтен тағы да әлем чемпионы болып, атағын қорғап қалды.
Айсұлу Әзімбаева
Айсұлу Әзімбаева – қазақстандық театр және кино әртісі, тележүргізуші, продюсер, қоғам белсендісі. 1988 жылы 9 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Белгілі қазақ дзюдошысы, “Отырар апаты”, “Ине” , “Құдайлар күші” т.б. фильмдеріне түскен марқұм Марат Әзімбаевтың қызы. Кішкентайынан спортпен бірге балет үйірмесіне қатысқан. Актрисаның хоббиінің бірі — альпинизм.
Айсұлу 2010 жылы кино кастингтерге қатысқан. Алғаш рет “Әсел мен оның достары” телехикаясына түскен. Театр сахнасында және бірнеше қазақстандық фильмдерде басты рөлдерді сомдаған. Ол «Қара аққу» фильміне 60 секундтық пародия қойып, Лондондағы Джеймссон Имперс марапатын жеңіп алды.
Айсұлу өнерде ғана емес, қоғамдық мәселелерге келгенде үнсіз қалмайтын тұлға ретінде де танымал.
Раушан Құдайберген
Раушан Құдайберген – әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы. Ақтөбе облысында дүниеге келген.
Әйгілі әулеттің кіші қызы ән айтуға да бейілді. Дегенмен, ол Медицина университетіне оқуға түскен. Осыдан үш жыл бұрын Раушан “Астана аруы 2022” байқауында әділ-қазылар құрамында болған. Раушан “Дайдидау” мейрамханасын ашқан жас кәсіпкер. “Мейрамхана ашу әкесі Қанат Айтбаев тарапынан туған ой” екенін де айтты. Раушанның ата-анасы оның іскерлік қырын қолдап, мақтан тұтады. Олар қыздарының еңбекқорлығы мен жауапкершілігін жоғары бағалайды.
Айя Шалқар
Айя Шалқар (толық есімі Аяулым Шалқарқызы) – қазақстандық бомонд өкілі және кәсіпкер. Белгілі бизнесмен Шалқар Нұртілеуовтің туған қызы. Өз кезегінде Шалқар Нұртілеу ҚР Премьер-миниистр орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің туған бауыры. Айя Ақтау қаласында 1996 жылы 29 қаңтарда дүниеге келген. Әкесінің айтуынша, ол Айяны шектемейді, еркін өмір сүргенін қолдайды.
2013 жылы гимназияны бітіргеннен кейін Айя Страсбург университетіне бейнелеу өнері факультетіне түседі.
Еуропада жүріп, Айя сән журналдарының мұқабасына шығып, жерлестерін таңғалдырды. Кескіні ерекше қазақ қызын модель агенттіктері түсірілімге шақырған.
2018 жылы Айя TC Candler халықаралық тәуелсіз сыншылар қауымдастығы жыл сайын жариялайтын the 100 Most Beautiful Faces әлемдік рейтингінде үміткер болды.
Айя әлеуметтік желідегі танымалдылығы арқасында 2015 жылы Қазақстанда "АШ" минималистік киімдер мен аксессуарлар брендін іске қосты.
2023 жылы ол елге оралды. Келе сала танымал подкасттардың біріне қазақша сұхбат берді. Инстаграмына әредік шығып тұрады. Қазақтың ұлттық бұйымдары мен әшекейлерін дәріптеп, жуырда арнайы көрме өткізеті жөнінде де жазғаны бар
Айару Бақытбек
Айару Бақытбек – белгілі продюсер Баян Алагөзованың бірінші күйеуі Бақытбек Есентаевтан туған кенже қызы. 2003 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келген. 2024 жылдың желтоқсанында АҚШ-тағы университетті тәмамдады. Кішкентай кезінен кулинарияға құмар Айару бүгінде торт пісіруді хоббиіне айналдырған.
Айару өз өмірін әлеуметтік желіде ашық көрсетеді. Жазбаларында саяхат, оқу және қызығушылары туралы жиі айтады. Бірде ол БАҚ-қа берген сұқбатында болашақта Калифорнияға көшуді жоспарлайтынын бөліскен.
Әйгерім Байтасова
Әйгерім Байтасова – қазақстандық кәсіпкер, медиаменеджер Арманжан Байтасовтың қызы. 2001 жылы дүниеге келген. Бала кезінен балетке қатысқан. 2017 жылы 11-сыныпты аяқтап, Калифорния штатына оқуға түскен. 2019 жылы Инстаграм парақшасына “My work” атауымен өзінің дизайнерлік жұмыстарын жариялаған.
Әйгерімнің кәсіби қызметі туралы ақпарат көп емес. Ол “Менур” компаниясының басшысы екені белгілі. Әкесі желіде отбасылық құндылықтарды насихаттап жүреді. Қыздарына ерекше көңіл бөлетінін байқауға болады.
Дамеля Бектұрсынова
Дамеля Бектұрсынова – 24 жастағы қазақстандық танымал блогер және әлеуметтік желіде белсенді тұлға. Инстаграмда 1,4 млн оқырманы бар. 2017 жылдан бастап ол блог түсіре бастаған. Brave Talents медиакомпаниясының мүшесі.
2024 жылы Оңтүстік Кореядағы face of ASIA халықаралық байқауында Қазақстанды таныстырды. Шығармашылық қызметтен бөлек, Дамеля бизнес жүргізеді. Бүгінде “Desso flowers”, “SW couture” киім дүкендеріне иелік етеді.
Аружан Рахымбаева
Аружан Рахымбаева – BI-Group холдингінің акционері Айдын Рахымбаевтың қызы. Ол бүгінде әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Калифорния университетінде, Берклиде білім алып, архитектура саласын меңгеруде. Жас бойжеткеннің дарыны тек сәулет өнерімен шектелмейді: ол суретті де өте жақсы салады, өнер мен ғылымды үйлестіре білетін қабілетімен ерекшеленеді. Бұл қабілетін әкесі зор мақтанышпен атап өтіп, оның өнерге деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық көзқарасын жоғары бағалайды.
Айдын Рахымбаев әлеуметтік желіде қызымен бірге болашаққа деген үлкен ортақ армандарын жазған. Ол Аружанмен бірге шетелге барып, тарихи ғимараттарды зерттеп, сәулет өнерінің терең сырларына үңіліп жүргенін жазды. Әке мен қыз ескі құрылыстарды тамашалап, олардың ерекшеліктерін талқылап қана қоймай, алдағы уақытта бірлесіп керемет ғимарат салуды армандайтындарын айтқан.