Кейінгі кезде әлемдік БАҚ назарынан түспей тұрған АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір жаңалықпен жалпақ жұртты елең еткізді. Ол енді 2026 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыруды өз қолына алмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz golosameriki сайтына сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ақ үй баспасөз қызметінің хабарлауынша, Трамп дүбірлі доп додасын жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстарын жүйелі үйлестіру қажеттігін ерекше атап өткен. Сол мақсатта арнайы жұмыс тобы құру туралы жарлыққа қол қойды. Әлемдік мундиальдің ұйымдастырылуына жауап беретін жұмыс тобына АҚШ президенті өзі басшылық етпек және Ақ үйдің қызметкерлері ортақ іске жұдырықтай жұмылуға тиіс.
Трамптың айтуынша, әлем біріншілігін Америка жерінде өткізу зор мәртебе және дәл сол жылы АҚШ өзінің 250 жылдығын тойлайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Оған алғаш рет 48 құрама қатысады. Жарыстың ойындары 11 маусым мен 19 шілде аралығына жоспарланған.