Ресейде ақшаны жылыстатты деген күдікпен танымал блогер қамаққа алынды

Сырым Қаржас

Белгілі блогер Александра Митрошина үйқамаққа алынды. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

mitroshinablogging

Мәскеудің Чертанов соты блогер Александра Митрошинаға қатысты бұлтартпау шарасын белгіледі. Ол 24 сәуірге дейін үйқамақта болады.

Сот тергеу органдарының күдіктіні қамауға алу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын 24 сәуірге дейін қолдану туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды RTVI судьяның сөзін келтіре отырып.

Сондай-ақ, сот шешімімен Митрошинаға интернет пен байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынды.

Іс барысы

2024 жылғы 7 наурызда Сочиде танымал блогер Александра Митрошина ұсталды. Тергеу оны 127 миллион рубльді заңдастыру мақсатында Мәскеудегі жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсады деген күдікке ілінген. 8 наурызда ол Мәскеуге жеткізілді.

Прокуратура мәліметіне сәйкес, 2020-2022 жылдар аралығында Митрошина жеке кәсіпкер (ИП) ретінде қарапайым салық режимін қолданған. Алайда оның кірісі белгіленген 150 миллион рубльдік лимиттен асып кеткен. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол қаржысын үш жеке кәсіпкердің шотына аударып, кейін бұл қаражатты үлестік құрылысқа салу арқылы заңдастырған.

Айта кетейік, 3 наурызда танымал блогер Елена Блиновская салық төлеуден жалтарғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол екі жыл бұрын Алматыға ұшар алдында ұсталған еді.