Ресейге басқа бір ел соғыс ашқан жоқ, сол үшін ҰҚШҰ кірісе алмайды – Дос Көшім

Сырым Қаржас

Саясаттанушы Дос Көшім Ұлыс аптаға берген сұхбатында ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің Украинадағы соғысқа араласу ықтималдығы турасында сұраққа жауап берді.

ашық дереккөзден

Саясаттанушының айтуынша, әлі еш нәрсе анықталған жоқ. Әзірге анығы – бейбіт келіссөз жүргізуге екі жақ та келісімін берген. Дос Көшім Украина жақын арада НАТО-ға мүше бола алмайтынын айтады. 

ҰҚШҰ кірісе алмайды. Себебі Ресейге басқа бір ел соғыс ашқан жоқ. Соғыс барысында олардың бір облысын алып қойды. Егер Ресейге бір елдер шабуыл, агрессия жасаса, онда ҰҚШҰ әскері көмектесуі керек. Бұл соған арналған әскери одақ. Бірақ Ресейге қазір ешкім шабуыл жасап жатқан жоқ, – дейді ол.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың Ресей басылымына сұхбат бергенде айтқан сөзі кешелі бері қызу талқыланып жатыр. Оның егер Еуропа әскері Украинаға кірсе, ҰҚШҰ өз тарапынан «көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын» деген сөзін әркім әртүрлі тәпсірлейді. Бірі «ашық Ресейге жақтасты» десе, екіншісі «Украинадағы соғысқа араласпауымыз керек» деседі. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте халықаралық сарапшылардың пікірін біліп көрген еді.

ТАСМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕДІ

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов бірнеше күн Известия басылымына берген сұхбатында Еуропа әскерінің Украинаға кіру ықтималдығына байланысты сұраққа жауап берген. Басылым тілшісі «Еуропада Украинаға әскери контингенттерді орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін бе? ҰҚШҰ аясында мұндай сценарий мен оған қарсы шаралар талқыланып жатыр ма?» деп сұраған. Тасмағамбетов Украинаға әскери контингенттер жіберу мәселесі Еуропа елдерінің астаналарында бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атап өтеді. Алайда осы күнге дейін бұл контингенттер ресми түрде орналастырылмағанын айтады.

Бұл, ең алдымен, өңірлік тұрақтылыққа елеулі қатер төндіруі мүмкін екендігімен байланысты. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік саладағы күрделі үдерістерден қажыған еуропалық қоғам мұндай шешімді қолдай қояды деу қиын. Себебі бұл қоғам үшін қосымша ауыртпалық болмақ, тіпті бұл контингенттер шабуылдау операцияларына тартылмай, тек полиция немесе бақылау функцияларын орындаған жағдайда да. Осындай қауіптер туындаса ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттарына сәйкес қарастырылған шеңберде әрі мүше мемлекеттердің бірауыздан мақұлдауымен көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын, – дейді Иманғали Тасмағамбетов.

Көп өтпей ұйымның баспасөз хатшысы Наталья Харитонова бас хатшының сөзін видеотүсіндірмесінде қайталады.