Қарағанды облысында ескертуді елемеген 500-ге жуық жүргізуші жолда қалды

Сымбат Сатыбалдина

Қарағанды облысында ескертуді елемеген 500-ге жуық жүргізуші жолда қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

ЖОЛДАР ЖАБЫЛДЫ

10 наурыз – қолайсыз ауа райы жағдайына, боран мен жолдың нашар көрінуіне байланысты Қарағанды облысының аумағындағы барлық республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылған болатын.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны күшейтілген қызмет атқару режиміне көшкен. Автожолдардың негізгі учаскелерінде патрульдік полиция нарядтарының саны артты.

ЖОЛДА ҚАЛҒАНДАР

Жол қозғалысының шектелуіне байланысты Қарағанды – Астана бағытында шамамен 500 автокөлік, ал Қарағанды – Балқаш тасжолында 50-ден астам көлік жолда қалып отыр.

ПОЛИЦИЯ НЕ ІСТЕДІ

Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автоколонналарды ұйымдасқан түрде алып жүрді. Мәселен, Теміртау терминалынан Ақмола облысының шекарасына дейін 500-ге жуық көлік қауіпсіз түрде жеткізілді.

Көлік колоннасын алып жүрер алдында патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жүргізушілерге нұсқама жүргізіп, олардың жол жүру ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауды ескертті. Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерге сапарға шығудан уақытша бас тартып, ауа райының жақсаруын күтуді және жолдардың жағдайы туралы жаңартылған ақпаратты мұқият қадағалауды ұсынады.