"Жігіттер қойыңдар": Астанада жолға таласып, төбелескендер жазаланды

Сымбат Сатыбалдина

Астанада жолға таласып, төбелескендер жазаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Видео кадры

ВИДЕО

Әлеуметтік желілерде жүргізушілердің төбелескен видеосы тараған болатын.

СОТ

10 наурызда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша Т. және А.-ға қатысты 2 істі қарады (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі).

Істің мән-жайлары бойынша Т. және А. есімді азаматтар жолдың жүріс бөлігінде, қоғамдық орында екендерін түсіне отырып, төбелес ұйымдастырып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен жеке тұрғындардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған.

Сот отырысы барысында олар сол күні көлік айдап келе жатып жолды бөлісе алмағандарын, осыған байланысты олардың арасында жанжал туындап, төбелеске ұласып кеткенін түсіндірді.

Олар құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәләрін толық мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді.

ДӘЛЕЛДЕР

Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары мойындау түсіндірмелерімен, болған оқиғаның бейнежазбасымен расталды.

ЖАЗА

ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

СОТ ҮКІМІ

Сот қаулыларымен құқық бұзушылар Т. және А. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу (әрқайсысы) түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.

Сот әкімшілік жазаны қоғамға теріс әсер ететін және құрметсіздік көрсетуге бағытталған, орынсыз мінез-құлық ретінде көрсетіліп, жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады.

Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.