Тексеріс басталды - ІІМ Алматы әуежайындағы жағдай туралы

Сымбат Сатыбалдина

ІІМ вице-министрі Санжар Әділов Алматы әуежайында қаскөйдің қызметкерді кепілге алуына қатысты оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Журналистер Әділовтен полиция мен әуежайдың қауіпсіздік қызметі нашар жұмыс істегені туралы пікірлерге қатысты ойын сұрады. 

- Бұл жөнінде жұмыс тобы құрылып, тексерістер басталды. Оның нәтижесі бойынша қандай шара қабылданғанын қосымша хабарлайтын боламыз, дейді Санжар Әділов. 

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Айта кетейік, Алматыда ер адам әуежай қызметкеріне пышақпен тап берген болатын. Телеграмда ер адам әуежай қызметкерінің шашынан ұстап алып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқан видеосы тарады. Ер адамның қолында пышақ болған. 

Артынша белгісіз ер адам қаскөйге қызды жіберіп, кепіл ретінде өзін ұсынып, қасына келген. 

Желіде тараған видеоларда ер адам алдымен қаскөймен сөйлесіп тұрып, артынша қолындағы пышағын жұлып алады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда:

Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.

Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.