Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қосымша құн салығының азық-түлік бағасына әсері жайлы Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап берді.
БАҒАДАН ХАБАРЫҢЫЗ БАР МА
Ермек Көшербаев таяуда ғана вице-премьер қызметіне келген. Әлеуметтік салаға жауапты. Бүгін мәжілісте өңірлерді аралау кезінде халықты толғандыратын өзекті мәселелердің тізімі жиналғанын, сол бойынша қандай шешім қабылданатыны жайлы депутаттардың сұрақтарына жауап берген. Мәжіліс кулуарына шыққанда Ulysmedia.kz тілшісі қосымша құн салығы мен оның қымбатшылыққа әсері жайлы сұрақ қойды.
Қосымша құн салығы өссе, шағын бизнес құлдырап, мұның бәрі айналып кеп сол қарапайым қалтасына түседі деген қауіп бар. Өңірлерді айттыңыз. Сондағы халықтың әлеуметтік жағдайын көрдіңіз бе? Нан, ұн, қант бағасынан хабарыңыз бар ма? Салық өссе, жұртшылықтың жағдайы тіптен қиындап кетпей ме? – деп сұралды Көшербаевтан.
КӨШЕРБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Бұл сұраққа жауап берген Көшербаев азық-түлік болсын, қызмет көрсету болсын 2023-2024 жылдары болған өсіп бара жатқанын мойындайды.
Кейбіреулердің ақшасы жетеді, кейбіреудікі жетпейді. Әрине, мемлекет өз күшіне қарап, ол сұрақтарды бақылауда ұстап отыр. Бұл өмірдің заңы ғой. Өзіңіз білесіз, түсінесіз ғой, басында доллар құны қандай болды? 10 жыл бұрынғы. Көбінесе экономиканың дамуына байланысты сұрақтар. Егер біз экономиканы әртараптандыру мәселесін шешсек, тұрғындарға, халыққа жағдай жасасақ, бизнес саласында көбірек жұмыс істесек… Шығыс Қазақстанда жүргенде ауылды жерлерге барғанымда дүкендерге барып, мұздатқыштарды ашып, сол жердегі тауарларды тексеретінмін. Көбінесе олар Катонқарағайда көрген жағдайда консервіден жасалған қияр, қызанақ болсын, бәрін Ресейден әкелген. Шығыс Қазақстанда бірақ соның бәрі өседі. Сондықтан, өңдеу мәселесіне жергілікті билік тиісті жағдай жасауы керек. Жағдай жасалса, жұмыс істейтін адамның да саны көбейеді, – дейді ол.
Ермек Көшербаевтің сөзінше, қазіргі жағдайда бағаны бақылау шараларын қолдану керек.
Қосымша құн салығы мөлшерін қазір мәжіліс депутаттарымен талқылап жатырмыз. Негізделген шешім қабылданар деген ойдамын, – дейді ол.
ӨҢІРЛЕРДЕН ҚҚС ЖАЙЛЫ ӨТІНІМДЕР КЕЛІП ЖАТЫР МА
Бұл сұраққа Бауыржан Омарбеков жауап берді. Оның сөзінше, салық кодексіне енгізілетін жаңа пакетті талқылау барысында өңірлерге алты жұмыс тобы шыққан. Сол талқылау барысында қосымша құн салығының мөлшерін ұлғайтуға қатысты, шекті мәнге қатысты сұрақтар болған. “Түсіндіру барысында ортақ тоқтамдарға келдік, әрине оның бәрі нақты шешім емес, ұсыныс қызу талқыланып жатыр, заң жобасы парламентке өткеннен кейін ары қарай әңгімені жалғастырамыз” дейді ол.
ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ
Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді. Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді. Кейін үкімет бұл салықты 16 пайыз болатынын айтты.