Оқушылар планшетсіз оқиды – министрлік оқулықты алмастыру идеясынан бас тартты

Аян Өрібай

Қазақстанда мектеп оқулықтары планшеттермен ауыстырылмайды. 2022 жылы салтанатты түрде жарияланған жоба іске аспайтын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Үш жыл бұрын үкімет оқушылардың ауыр сөмке мәселесін шешу үшін оқулықтарды планшетке алмастыруды жоспарлаған еді. Алайда бұл идея өз тиімділігін дәлелдей алмады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Оқулықтарды планшетке алмастырмаймыз. Өйткені тәжірибе мен сарапшылардың пікірі көрсеткендей, бұл әдіс қажетті нәтиже бермейді. Қазіргі таңда көптеген елдер планшеттерден бас тартып жатыр. Сондықтан біз басқа жолдарды іздеуіміз керек. Қазір мамандарымыз осы мәселе бойынша жұмыс істеп, жаңа стандарт пен бағдарламаны әзірлеуде, — деді министр.

Мектеп жүктемесін азайту шаралары

Оқушылардың сөмкесін жеңілдету мақсатында министрлік оқулықтарды цифрландырып, жұптық сабақ жүйесін енгізіп, үш ауысымды оқытуды толығымен жоюды жоспарлап отыр.

Біз оқулықтарды цифрландырдық. Енді үш ауысымды оқытудан бір ауысымға көшуіміз керек. Сонымен қатар, сабақ кестесін дұрыс жоспарлап, парлық сабақтар енгізу маңызды. Бұл шаралар түйткілді мәселелердің түпкілікті шешілуіне ықпал етеді, — деп түсіндірді Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елде шамамен 40 мектеп үш ауысымды білім беруде. Жыл соңына дейін бұл мәселе толығымен шешілмек.