Украина президенті Кремльдің бітімге келу ықтималдығы жөнінде мәлімдемелеріне жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинаға қарсы соғысты қасақана созып, бейбіт келісімге келуді кешіктіруге тырысып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
Өкінішке қарай, әлем бір тәуліктен астам уақыт бойы Ресейден ұсыныстарға қатысты мазмұнды жауап ести алмай отыр. Бұл тағы да Ресейдің соғысты жалғастыруға ұмтылып отырғанын және бейбітшіліктің орнағанын барынша кешіктіруге тырысатынын дәлелдейді, – деп жазды ол Telegram-да.
Зеленский сондай-ақ "АҚШ-тың қысымы Ресейді соғысты аяқтауға мәжбүрлейді деп үміттенетінін" білдірді.
РЕСЕЙ ТАРАПЫ
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков "Россия-1" мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Мәскеу Украинамен уақытша бітім жасауды қаламайтынын және қақтығысты ұзақ мерзімді реттеуге мүдделі екенін мәлімдеген. Бұл сөздері Ресей мен Беларусь арасындағы келіссөздерден кейін Владимир Путин айтқан ұстанымдарды қайталағандай болды.
Біздің мақсатымыз – еліміздің заңды мүдделерін ескеретін ұзақ мерзімді бейбіт реттеу, – деді Ушаков.
Оның айтуынша, "бейбіт келіссөздерді имитациялайтын қадамдар" ешкімге қажет емес, ал Мәскеу Вашингтонның "Украина мәселесін реттеуге қатысты Ресейдің ұстанымын" түсінуіне үміт артады және бұл атысты тоқтату мәселесін талқылау барысында ескерілуі тиіс.
АҚШ ПЕН УКРАИНАНЫҢ КЕЛІССӨЗІ
Екі күн бұрын Украина АҚШ-тың 30 күндік атысты тоқтату режимі туралы ұсынысына келісімін берген еді, бірақ бұл талапты Ресей де қабылдап, бір уақытта орындаған жағдайда ғана тоқтатамыз деді. Бұған жауап ретінде Вашингтон қару-жарақ тасымалын қайта бастап, барлау деректерімен алмасуды жалғастыруға уәде етті. Сауд Арабиясында өткен екі ел өкілдерінің келіссөздерінің басты қорытындылары солай аяқталған.
ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Ресе президенті Владимир Путин Минскіде Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында бұл ұсынысқа жауап берді. Путин Украинадағы атысты тоқтату туралы белгілі бір шарттар негізінде ұсынылған бітіммен келісетінін мәлімдеді. Курск облысындағы жағдайға да тоқталып өтті, мұнда РФ Қарулы Күштері қарсы шабуыл жүргізіп жатыр. Оның айтуынша, Киевке 30 күндік бітімге келу тиімді, өйткені Курск облысындағы украин әскерлері толықтай қоршауда қалған көрінеді. Тәжірибелік түрде Ресей Қарулы Күштері дерлік барлық бағытта алға жылжып жатқанын ескерсек, бітім жасалғаннан кейін байланыс шебіндегі жағдайдың қалай шешілетіні түсініксіз, деп ТАСС агенттігі хабарлады.