Павлодар тұрғыны бұрынғы әйелін қағып кеткен: жәбірленуші аяғынан айырылды

Сырым Қаржас

Павлодар тұрғыны көлік астында қалып, аяғынан айырылды. Оқиғада оның бұрынғы азаматтық күйеуі күдікті деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Оқиға 6 қаңтар күні таңертең болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін әйел ауыр жарақаттар алған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көлікті оның бұрынғы азаматтық жұбайы басқарған болуы мүмкін. Жәбірленуші дереу ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлер оның бір аяғын кесуге мәжбүр болды, ал екінші аяғын сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Қазіргі уақытта зардап шегуші ауруханада ем қабылдауда, деп жазады Halyqstan.

Қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізілді. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті Ulysmedia сайтына.

Осыған ұқсас оқиғалар

2023 жылдың қыркүйегінде Қызылордада полиция майоры бұрынғы әйелін соққыға жығып, соның салдарынан ол терезеден секіріп, мүгедек болып қалған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырып, шенінен айырды.

2023 жылдың қарашасында Ақмола облысында жас қыздың өзін-өзі өлтіруіне байланысты қылмыстық іс қайта қаралды. Тергеу барысында оның азаматтық жұбайы жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсеткені анықталған.