Астаналық лауазымды тұлғаның әкесін жерлеу рәсімі жұрттың ашуын туғызды

Сырым Қаржас

Бүгін, 16 наурызда Талдықорған-Үштөбе бағытындағы жолда адамдардың ашуын туғызған келеңсіз оқиға болды, деп хабарлайды Ulysmedia orda-ға сілтеме жасап.

Видеодан алынған кадр

Басылымның ақпаратына сүйенсек, бүгін Тардықорған-Үштөбе бағытында жол жүрген адамдар трассада асфальт жуған техникаларды көрген. Көп ұзамай зиратқа бірнеше коммуналдық қызмет көлігі келіп, қиыршық тас төгіп кеткен. Сол жердегі арнайы техника оны жолға жайып, тегістеген. Сөйтсек, бұрынғы қаржы министрі, қазіргі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың әкесін жерлеу үшін жергілікті әкімдер осындай қауырт шаруаға кіріскен екен.

Түс кезінде жолды толық жауып тастаған кезде тұрғындардың шыдамы таусылды. Жол полициясының қызметкерлері көліктерді тоқтатып қойды, ал адамдар бір сағаттан астам уақыт бойы министрлік кортеж бен оған ілескен шенеуніктердің көліктері өтіп болғанша күтіп отырды, – деп жазады басылым.

Бұл көрініске куә болған қарапайым жұрт басқа кезде неге жолды осылай жуып, шұңқырларды бітеп қоймайды екен деген ойда қалды. Бір жерлеу рәсімі үшін жергілікті билік техниканы да, қаражатты да жылдам тапқанына аң-таң болды жұрт.
Бір қызығы бұл зиратқа осыған дейін де талай адам жерленіп, талай рәсім өткізілсе де дәл осылай жолды жауып, адамдарды әуреге салған оқиға болмағанын айтады тұрғындар.