Ақтөбе облысындағы Ойыл өзені өткел бермей тасып жатыр. Орталықтан қол үзіп қалған ауыл тұрғындары арғы жағаға өту үшін қайыққа мінуге мәжбүр. Басқа қатынас құралы жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.
МӘН-ЖАЙЫ
Кеше, күн күрт жылынып, қардың жылдам еруінен Ойылдың суы көтеріліп, былтыр тасқын кезінде қирап қалған көпірдің орнына салынған уақытша өткелді шайып кеткен. Осыдан кейін Ойыл ауылының тұрғындары орталыққа қатынай алмай, көлік қозғалысы тоқтатылған. Жергілікті билік бір тәуліктің ішінде өткелді қалпына келтіргенмен, қайта ашуға мәжбүр болған.
Ойыл өзені арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондықтан адамдарды қайыққа отырғызып тасымалдап жатырмыз. Алты қайық бар. Өткел таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. – деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігінен.
Төтенше жағдайлар қызметі уақытша өткелді қалпына келтіргенмен, түнде қайта ашуға тура келгенін айтты. Өйткені қауіпсіздік үшін жиналған мол суды ағызу керек болған.
Жиналып қалған қарғын суды ағызу үшін өткелді қайта аштық. Түнгі уақытта осылай суды ағызып отырамыз, – деп нақтылады ТЖД.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр көктемдегі су тасқыны кезінде Ойыл ауылына апаратын жолдағы көпір қирап, тұрғындардың орталыққа қатынауы қиындаған. Сол кезде уақытша өткел салынған.