Біртүрлі өтініш немесе министрлік не үшін тарифтер туралы ақпаратты өшіруді талап етті

Сырым Қаржас

Ulysmedia.kz редакциясына коммуналдық тарифтерге қатысты былтырғы материалды өшіріп тастау туралы біртүрлі өтініш келіп түсті. Бұл өтініш ресми органнан түсті. Біз қазақстандықтардың бұрын коммуналдық қызметке қанша төлегенін ұмыттыру ұлттық экономика министрлігіне не үшін керек екенін анықтауға тырыстық.

Ulysmedia.kz коллажы

ТАЗАРТУ БАСТАЛДЫ МА?

Редакциядан белгілі бір материалды алып тастауды сұрау, тіпті қоқан-лоқы көрсетіп талап ету жиілеп кетті. Біреулер өздерінің күмәнді әрекеттері жұртқа жария болғанына наразы болып жатады, себебі «бұл олардың бизнесіне кедергі келтіреді». Біреулер бұрын сотталғаны туралы ақпаратты өшірткісі келіп жатады, «себебі мемлекеттік қызметке қайтадан жұмысқа тұрғысы келеді» дегендей. Бірақ бұл жолы Алматы қаласының табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының өтінішін түсіну мүмкін емес.

– Бұл ақпарат (тарифтер туралы – ред.) өзекті емес. Ол өткен жылғы ақпарат сияқты, мен сізге сілтемесін жіберемін. Біз жай ғана мониторинг жүргізіп отырмыз. Бұл тек сіздердің редакцияларыңызға қатысты емес. Алматыдағы коммуналдық қызметтердің тарифтері шамамен әр алты ай сайын өзгеріп отыратындықтан, 2023-2024 жылдарға қатысты ескі ақпаратты алып тастауды сұраймыз, деп түсіндірді ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Әсел Буденеева.

Егер «ақпарат өзекті емес» деген логикаға сүйенсек, жақын арада сауда министрлігі де осындай өтініш жасайды деген сөз. Өйткені азық-түлік бағасы алты ай емес, одан жиі өзгеріп отырады. Немесе көлік министрлігінен өткен жылы жол жөндеуге бөлінген қаражат туралы деректердің «өзектілігін жоғалтқаны» жөнінде ескерту келуі мүмкін. Тіпті, президент әкімшілігі «елді қазір Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып отыр, ал сіздерде Назарбаев мемлекет басшысы деген бұрынғы мақалаларыңыз әлі тұр» десе де таңғалмаймыз.

НЕГІЗСІЗ КҮДІК ПЕ?

Бастапқыда Әсел Буденееваның бұл әрекетінде жеке мүдде тұр ма деген күдік болды. Себебі ол материалды өшіріп тастауды сұраған мақалада тарифтер туралы тек шет жағалап қана айтылған. Мақала негізінен Алматының бірнеше ықшамауданы мен тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жазда салқын сусыз қалатыны туралы болатын. Су сорғылары мен желілер қажетті көлемді қамтамасыз ете алмайды. Одан бөлек, оларға суды қаладағы жалпы тарифтерден әлдеқайда жоғары бағада жеке меншік компания жеткізеді. Алматы әкімдігі 2022 жылдан бері сот арқылы бұл желілерді қаланың балансына алуға тырысып келеді, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Әсел Буденеева былтыр осы жағдайға пікір білдірген, ал қазір оның сөздері дұрыс болмағанын мойындап отыр.

– Мәселе мынада: бұл («ГПВ Водснаб» компаниясы – ред.) Астана қаласындағы табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментімен реттеледі. Тарифтерді Астана бекітеді. Сол күні мені әкімдік шақырды, мен әріптестерімнің орнына жауап бердім. Бірақ менің Астана атынан сөйлеуім дұрыс болмады, деп түсіндірді Буденеева.

Алайда алматылық табиғи монополияларды реттеу департаменті интернеттен тарифке қатысты ақпаратты өшіруге осы түсініктемеге бола кіріспеген. Әсел Буденееваның айтуынша, бұл бастама оның басшылығы – ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу комитетінен шыққан. Осыған ұқсас өтініштермен ол бірнеше БАҚ өкілдеріне, оның ішінде бейресми түрде де жүгінген.

ҮШ НЕГІЗГІ СҰРАҚ

БАҚ-та жарияланған кейбір мақалаларға қарасақ, соңғы екі жылда тарифтік саясат туралы айтылғандардың бәрін өшірген. Әсіресе, тарифтердің неге өсетіні және неге өсе беретіні туралы түсіндірмелер өшіп кеткен. Бұл кезде заңды сұрақ туындайды – «Ол материалдар неге өшірілген?». Бірақ бұл сұрақтың жауабы түсініксіз.

Тарифтердің өсуіне электр энергиясының шекті бағасының көтерілуі және «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы әсер еткенін білеміз. Осы жерде мынандай логикалық болжам жасауға болады: тарифтер көтерілді, бірақ коммуналдық қызметтерді жаңғыртуға инвестиция салу мәселесі күйе нашар. Екі жыл бұрынғы тиімділік пен ашықтық туралы уәделерге қарамастан, бұл процестер жайлы ақпарат жоқтың қасы. Ашықтық ретінде коммуналдық қызметтерге бірнеше есе өскен төлемдерді, ал тиімділік ретінде монополистердің өз қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы есептері ғана бар. Бірақ бұл болжам сын көтермейді. Мұндай ақпаратты интернеттен толық өшіру үшін мықты әкімшілік ресурс қажет, тек журналистер арқылы өтініш жасап, өшіре салу жеткіліксіз. Оның үстіне, мұндай әрекеттердің заңдылығы да күмән тудырады.

Екінші мәселе: неге табиғи монополияларды реттеу департаменті бұл жұмысты ресми өтініштер арқылы емес, бейресми жолдармен жүргізіп жатыр?

Үшінші мәселе – «Кім?». Мұнда біз бұл бастама комитеттен емес, министрден шықты деген болжамға көбірек сенеміз. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Асан Дарбаев бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келеді. Ал вице-премьер Серік Жұманғарин министр креслосына үш ай бұрын отырды. 

Сол себепті, құрметті Жұманғарин мен Дарбаев, бұл сұранысты ресми өтініш деп қабылдауларыңызды сұраймыз. Айтпақшы, «қазақстандықтарды шатастырмас үшін ақпарат өшіріліп жатыр» деген нұсқаны қарастырмаймыз.