Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс.Таксидің тарифтеріне мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАКСИ НАРЫҒЫ
Агенттік төрағасының орынбасары Болат Самбетов қазіргі уақытта Қазақстанның ірі қалаларында такси нарығының шамамен 90%-ы Яндекске тиесілі екенін айтты.
– Яндекс.Такси қазір әсіресе Астана мен Алматыда монополист болып алған. Олардың нарықтағы үлесі шамамен 90%. Жыл сайын өз монополиялық жағдайын күшейтіп келеді. Оның тарифтері мен әрекеттеріне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Біз шетелдік сарапшыларды тартып, баға белгілеу жүйесін салыстырдық, деді ол.
Шенеунік Яндекс.Такси-ді “ерекше” монополист деп атады, өйткені ол ел бойынша шамамен 300 мың жүргізуші мен олардың отбасыларын жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен, Болат Самбетовтің айтуынша, Яндекс.Такси жүргізушілерден жол жүру құнының шамамен 16%-ын ұстайды, ал көршілес Өзбекстанда бұл көрсеткіш 3%-ға төмен. Қазіргі уақытта бұл мәселе компания өкілдерімен талқылануда.
– Біз алгоритмдік баға белгілеу аудитін аяқтадық, енді оның нәтижелерін зерттеп, тиісті шаралар қабылдамақпыз. Қазір әр сапардан шамамен 16% комиссия ұсталады. Сонымен қатар, шамамен 4%-ы таксопарктерге тиесілі, қалғаны басқа шығындар. Біз жаһандық тәжірибені зерттеп жатырмыз, орташа есеппен комиссия 30%-ға дейін жетеді. Мысалы, Өзбекстанда бұл көрсеткіш төмен – 13%, деді агенттік төрағасының орынбасары.