Рамазан айы Алматыдағы кептеліске қалай әсер етті

Ілияс Бақыт

17.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта жолдардағы көлік саны 4%-ға артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

 

ЖОЛДАРДЫҢ ЖҮКТЕМЕСІНІҢ АРТУЫ

Ақпан мен наурыз айларының жұмыс күндеріндегі орташа көрсеткіштерін салыстырған кезде, сарапшылар жолдардың жүктемесі мен трафиктің шарықтау сағаттарындағы өзгерістерді байқады. Наурыз айының басында Алматыдағы жолдардың жүктемесі 8%-ға артқан.

ШАРЫҚТАУ САҒАТТАРЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

16.00-ден 17.00-ге дейін қозғалыс қарқындылығы 5%-ға төмендесе, 17.00-ден 18.00-ге дейін керісінше, көлік саны 4%-ға өскен.

"Біз кешкі трафиктің сәл ығысуын байқаймыз. Бұл Рамазан айының басталуымен байланысты болуы мүмкін – адамдар ауызашарға үлгеру үшін сапарларын алдын ала жоспарлайды. Ең үлкен трафик өсімі 17.00-ден 18.00-ге дейін қаладағы негізгі магистральдарда тіркелді. Төле би көшесінде шығыс бағыты бойынша көлік ағыны 15%-ға, ал батыс бағыты бойынша 12,1%-ға артты", – деп атап өтті сарапшылар.

ОРТАША ЖЫЛДАМДЫҚТЫҢ АЗАЮЫ

Трафиктің өсуі қозғалыстың орташа жылдамдығына да әсер етті. Әл-Фараби даңғылында 17.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта орташа жылдамдық 16,3%-ға төмендеп, 55 км/сағ-тан 46 км/сағ-қа дейін азайды. Бұл жолдағы уақытты 19%-ға ұзартты. Саин көшесінде осы уақыт аралығында жылдамдық 18,6%-ға (34 км/сағ-тан 27 км/сағ-қа дейін) төмендеген. Енді жүргізушілерге сапар уақытын орта есеппен 23%-ға ұзақ жоспарлауға тура келеді.