Тосын құбылыс: елде бағдаршамның қызылына өте шығатындар саны алты есе көбейді

Сырым Қаржас

2025 жылдың екі айында Қазақстанда бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушінің тыйым салатын пәрменіне елемей өтудің 106 мың фактісі тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Pixabay

2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім шамамен алты есе артқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,5 есе ғана көбейген еді.

Бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту фактілері былтырдан бері күрт өсті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш жылдық мәнде бірден үш есе артты. Бұл – соңғы бес жылдағы алғашқы осындай секіріс: 2020-2023 жылдары өсім жылына 41%-дан аспаған. Осылайша, былтыр қалыптасқан үрдіс жалғасып қана қоймай, оның қарқыны да үдей түскенін байқауға болады, – деп хабарлады «АКБ».

Бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту жағдайлары негізінен елдімекендердегі жолдарға орнатылған камералар арқылы тіркеледі. Мәселен, 2024 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы бойынша барлық құқық бұзушылықтардың 86%-ы бейнебақылау жүйесі арқылы анықталған.

Осыған сүйене отырып, байқалып отырған өсім жол қиылыстарын бейнебақылаумен қамту ауқымының кеңеюімен байланысты болуы мүмкін деп болжауға болады. Бұл гипотезаны ашық дереккөздерден алынған мәліметтер жанама түрде растайды: 2024 жылдың толық емес кезеңінде жолдардағы камералар саны шамамен 3 мыңға – 22 мыңнан 25 мыңға дейін артқан. Дегенмен, нақты жұмыс істеп тұрған камералар санының қалай өзгергені туралы деректер жоқ, – деп нақтылады сарапшылар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда жүргізуші теміржол өткелінде шлагбаум жабық тұрғанда жолға шығып кеткені хабарланған еді.