Күтпеген жаңалық: Шерзат ісінде Қаржаубай Нұрымов адвокаттарынан бас тартты

Аян Өрібай

Бұл туралы бүгін Айтбек Амангелді айтты. Бірақ олар әлі істен қол үзбейміз дейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Айтбек Амангелді бірнеше күн бұрын Шерзаттың туған-туыстарымен кездескенін айтты. Кездесуде Шерзаттың әжесі Гүлбар мен тағы бір белгісіз әйел болған. Адвокаттар сот жақындап қалғандықтан, жәбірленушілерді жауап алуларға дайындау керек деп шешкен. 

Осы кездесуден кейін екі сағаттан соң маған Қаржаубай жазды. Ол маған біздің адвокаттардың бәрінен сенімхатты қайтарып алатынын айтты. Басқа адвокаттарды таппақ. Біз реакция білдірмедік. Себебі Қаржаубайдың мінезін білеміз. Не болатынын көреміз. Жаңа ақпараттарға қарағанда, іске жаңа бес адвокат кіріседі. Біздің тарапымыздан не боламыз деген сұрақ туындап тұр, – дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін тергеу толық аяқталып, іс прокурорға жолданғанын хабарлаған едік. 

Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫ

Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.

Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Былтыр 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.