Машкевич неден қайтыс болды - ERG ресми ақпарат таратты

Сырым Қаржас

Eurasian Resources Group (ERG) Александр Машкевичтің қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Александр Машкеевич

ERG компанияның тең иесі ұзақ аурудан кейін қайтыс болды деп мәлімдеді.

ДӘЙЕКСӨЗ

2025 жылдың 22 наурызында 72 жасында ұзақ аурудан кейін белгілі қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері, Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі Александр Антонович Машкевичтің қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. 2014 жылдан 2024 жылға дейін ол ERG директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ А.Машкевич ұзақ уақыт «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды, - деп жазылған хабарламада.

МАШКЕЕВИЧ ДЕГЕН КІМ?

Александр Антонович Машкевич 1954 жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте туған. Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алған жылдары жекешелендіру науқанын пайдаланып, металлургия саласына қаржы салған. Ол 1994 жылы Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовпен бірге Eurasian Natural Resources Corporation  (ENRC) компаниялар тобын құрған.

2005 жылы компания Лондон биржасына шыққан. 

2010 жылдан бастап компания Eurasian Resources Group (ERG) деп аталып, Машкевичке оның 20,7% үлесі тиесілі болды. Қазақстанда тіркелген компания сонымен қатар Еуропа, Азия және Африка елдерінде жұмыс істейді. Топқа «Қазхром» ТҰК, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан алюминийі», Қазақстандық электролиз зауыты және басқа да объектілер кіреді, деп жазады Forbes. 

Машкевич 2023 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің тізімінде бесінші орынды иеленді. Америкалық Forbes оны 3,7 миллиард доллар байлығы бар ең дәулетті израильдіктер тізімінде алтыншы орынға қойды.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Ulysmedia редакциясы Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтың отбасылары арасында «олигархиялық алауыздық» болғанын жазған. Былтыр жыл соңында ERG Қазақстанда аз салық төлейтіні хабарланған.