Түркияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан 25 студент бар. Олардың бәрі кураторларымен байланыста, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Түркия елінде қазір тағылымдама бағдарламасы бойынша 25 қазақстандық бар екенін хабарлады.
Барлық білім алушының қауіпсіздігі бақылауда. Олар орталықтың кураторларымен және Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста. Қажет болған жағдайда қолдау сұрай алады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына адамдар көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартуды, сақтық шараларын ескеруді және жергілікті биліктің ұсынымдарын орындауды сұрайды, - делінген хабарламада.
ЕЛШІЛІКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Кеше, 23 наурызда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қазақстандықтардан наразылық акцияларына қатысудан аулақ болуды және адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұрады. Сондай-ақ «наразылық туралы ақпарат пен болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірлерді әлеуметтік желілерде таратпауа шақырды.
Елшіліктің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қатты сынға ұшырады.
ТҮРКИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Биылғы 19 наурызда Экрем Имамоғлы ұсталды. Оған және оның 100-ден астам жақтасына түрлі айыптар тағылды. Соның ішінде сыйбайлас жемқорлық, қызметті асыра пайдалану, террористік ұйымдармен байланыс сияқты айыптаулар бар. Ол Ыстамбұл мэрі қызметінен уақытша шеттетілді. Имамоғлының өзі барлық айыптауларды жоққа шығарды. Осы жағдайдан кейін елдің ірі қалаларында наразылықтар басталды.
Айта кету керек, Имамоғлы оппозициялық Республикалық-халықтық партия көшбасшыларының бірі және 2028 жылы өтетін президент сайлауында Реджеп Тайип Ердоғанның басты қарсыласы ретінде саналады.