Құпия келісім: Қазақстанның тағы бір стратегиялық нысаны ресейліктерге өтпек

Ulysmedia

Казақстандық сарапшылар БҚДА (бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі) төрағасының орынбасары Рустам Ахметовтың «ҚазМұнайГаз» иелігіндегі екі мұнай өңдеу зауытының бақылау пакетінің сатылуы қажет екені туралы мәлімдемесін әлі талқылап үлгермей жатып, осыған ұқсас мәміле туралы жаңалықтар тарай бастады. Ulysmedia.kz дереккөздерінің хабарлауынша, Атырау мұнай өңдеу зауытын ресейлік «Татнефть» компаниясына беру туралы келісім жасалған.

Ulysmedia.kz коллажы

САТУ ТАРИХЫ

Атырау мұнай өңдеу зауытының сатылуы туралы сыбыстар бұрыннан айтылып келеді. Алайда мұнай өңдеу – Қазақстан үшін стратегиялық сала, сондықтан биліктің келісімінсіз мұндай келісімді жүзеге асыру мүмкін емес.

Ақпан айында АМӨЗ-ге Нижнекамскідегі мұнай өңдеу зауытын басқаратын «Танеко» компаниясының делегациясы келді. Ulysmedia.kz мәліметінше, «Танеко» мен АМӨЗ басшылығы келісім құпия болады деп қол қойған. Осы келісім аясында қазақстандық зауыт ресейлік тарапқа өз бухгалтериясын және өндірістік процестерін ашуға міндеттелді.

Наурыз айының ортасында АМӨЗ төрағасының орынбасары Рустам Ахметов мәжіліс кулуарында журналистерге АМӨЗ бен Павлодар мұнайхимия зауытын жекешелендіру қажет екенін мәлімдеген болатын.

Араға бір апта салып, Ulysmedia.kz дереккөздері Атырау мұнай өңдеу зауытының сатылатыны туралы келісім жасалғанын хабарлады.

Ғалымжан Жусанбаев

КЕЛІСІМНІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Редакция құзырындағы құжатқа сәйкес, АМӨЗ-ді тікелей сату емес, оны ресейлік «Татнефть» компаниясының сенімгерлік басқаруына беру көзделген.

Ресейлік компанияның ұсынысына сай, зауытқа шикізат Қазақстанның энергетика министрлігінен жеткізіледі, ал 2022 жылғы көрсеткіштен асып түскен өнім сатылымынан түскен пайда «Татнефть» пен «ҚазМұнайГаз» арасында теңдей бөлінеді.

Сонымен қатар, «Татнефть» АМӨЗ-де мұнай өңдеу технологияларын жаңартуға және басқа да инженерлік процестерді жетілдіруге уәде береді. Осы жаңғыртулар есебінен зауыттың пайдасын арттыру жоспарланған.

Бірақ келісім сомасы белгісіз. 

САТУШЫ, САТЫП АЛУШЫ ЖӘНЕ АМӨЗ ТУРАЛЫ

«Татнефть» – Ресейдің ең ірі мұнай компанияларының бірі, ол Ресейде және шетелде кен орындарын игерумен айналысады. 2023 жылы компания «ҚазМұнайГаздан» Karaton Operating Ltd-тің 50%-ын сатып алған. Бұл компания Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасындағы «Каратон Подсолевой» кен орнын игеріп жатыр.

«Татнефть» сондай-ақ мұнай өңдеу, шиналар өндіру, шикі және өңделген мұнай саудасымен айналысады. 2024 жылы компанияның кірісі 2 трлн рубльден (10 трлн теңгеден) асты.

“Татнефть” басшысы Наиль Маганов

«ҚазМұнайГаз» – «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы. Ол Қазақстандағы барлық ірі кен орындарында (Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз) үлеске ие, мұнай өнімдерін тасымалдау инфрақұрылымын және мұнай өңдеу зауыттарын басқарады. 2024 жылғы кірісі – 8,3 трлн теңге.

АМӨЗ – Атырау облысындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі, онда 2500-ден астам адам жұмыс істейді. 2025 жылдың қаңтарында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі зауыттың 2021–2023 жылдар аралығында өз монополиялық жағдайын пайдаланып, мұнай өңдеу бағасын 31%-ға көтергенін хабарлады.

БҚДА төрағасының орынбасары Рустам Ахметовтың айтуынша, мемлекет («ҚазМұнайГаз» атынан) тиімді басқарушы емес. Мысалы, 50%-ы Қытайдың CNPC компаниясына тиесілі Шымкент МӨЗ-інде апаттар мен технологиялық ақаулар Атырау және Павлодар зауыттарына қарағанда әлдеқайда аз тіркелген.

КМГ ТӨРАҒАСЫНА СҰРАҚ КӨП

Алайда бұл жерде ескеретін жайт – Шымкент МӨЗ-дегі Қазақстанның серіктесі жеке меншік компания емес, Қытайдың мемлекеттік корпорациясы. Айырмашылығы тек біреу – CNPC Қытай үкіметіне тиесілі, ал «ҚазМұнайГаз» – қазақстандық квазимемлекеттік сектордың өкілі.

Сонда, егер мемлекет тиімсіз басқарушы деп есептесек, бұл тұжырым тек Қазақстанның мемлекеттік секторына қатысты ма?

Сонымен қатар, АМӨЗ-ден экологиялық зиян Қазақстанға тиеді, ал зауыт өнімін сатудан түскен пайда Ресейдің қалтасына түсуі қаншалық дұрыс?

Қазақстан өз ресурстарын игеру бойынша 90-жылдары жасалған тиімсіз келісімдердің зардабын әлі күнге дейін шегіп келеді. Сол кездері жасалған өнімді бөлу туралы келісімдердің мазмұны әлі күнге дейін қазақстандықтарға белгісіз. Көптеген депутат пен сарапшылардың пікірінше, ел өз жер қойнауынан тек мардымсыз үлес қана алып отыр.

Қайтадан өткеннің қатесін қайталамаймыз ба?

Ulysmedia.kz редакциясы бұл сұрақтарды «ҚазМұнайГаз» төрағасы Асхат Хасеновке қойды. Ол Қазақстанның ең ірі кәсіпорнының сатылуына қатысты мәміледен хабарсыз ба? Әлде, Қазақстанның өз ресурстарын басқаруда Ресейден әлдеқайда төмен екенін мойындап отыр ма?

“ҚМГ” басшысы Асхат Хасенов