Парижде Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ұйымдастырған «ниеттілер коалициясы» саммиті өтті. Кездесу барысында, басқа мәселелермен қатар, Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісім жасалған жағдайда Киевке берілетін кепілдіктер талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС орыс қызметіне сілтеме жасап.
Франция президенті Эммануэль Макрон саммит қорытындысы бойынша оның қатысушылары Украина мен оның армиясына қолдау көрсетуді жалғастыруға келіскенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Ресейге және оның «көлеңкелі» танкер флотына қысым жасауды жалғастыруға уәде берді.
Макронның айтуынша, саммитте коалицияға мүше елдердің сыртқы істер министрлеріне үш апта ішінде Украинадағы атысты тоқтатуды бақылау механизмдері бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылған.
Сонымен қатар, Франция мен Ұлыбритания Украина Қарулы Күштерімен бірлесіп болашақ жоспарларды талқылау үшін өз әскери делегациясын Киевке жіберетінін хабарлады.
Мүмкін болатын бітімгершілік күштері туралы айта келе, Макрон олардың әлі қалыптасу кезеңінде екенін және қақтығыс шебінде орналастырылмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл күштер атысты тоқтату туралы келісімнен кейін «тежеу құралы» ретінде қызмет атқарады.
ЕУРОПАНЫҢ РӨЛІ МЕН БОЛАШАҒЫ
Ұлыбританияға Украинаға әскери контингент жіберуге дайын елдердің делегациялары барғаны хабарланды.
Испаниялық журналистің АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың «Украинаға бітімгершілік күштерін жіберу – абсурд» деген мәлімдемесіне қатысты сұрағына жауап берген Макрон Еуропа қажет болған жағдайда «жалғыз әрекет етуге» дайын болуы керек екенін айтты.
Біз ең жақсысынан үміттенеміз, бірақ ең қиын жағдайға дайындаламыз, – деді Франция президенті.
Ол Еуропа өз бастамаларына АҚШ-тың қолдауын алғысы келетінін, бірақ мұндай қолдау болмаса да, әрекетсіз қалмайтынын баса айтты.
Сонымен қатар, Макрон АҚШ-тың Украинаға толық ауқымды соғыс басталғаннан бері берік қолдау көрсетіп келе жатқан сенімді одақтас екенін атап өтті.
САНКЦИЯНЫ АЛЫП ТАСТАУ МӘСЕЛЕСІ
Сауд Арабиясындағы келіссөздерден кейін АҚШ пен Украина Қара теңізде уақытша бітімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда Ресей мұндай қадамға тек кейбір санкциялар алынған жағдайда ғана келісетінін хабарлады.
Франция президенті Эммануэль Макрон саммитке қатысушылар Ресейге салынған санкцияларды алып тастауға әлі ерте деген ортақ ұстанымға келгенін мәлімдеді.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де бұл пікірді қолдап, «қазір санкцияларды алып тастайтын емес, керісінше күшейтетін уақыт» екенін айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Ұлыбритания мен Францияға қолдауы үшін алғыс айтып, Ресей соғысты тоқтатпайынша, ешқандай санкция жойылмауы керек екенін баса атап өтті.
Германияның қызметінен кетуге дайындалып жатқан канцлері Олаф Шольц та Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдетуге қарсы екенін білдірді. Париждегі саммит қорытындысы бойынша ол санкцияларды алып тастау «үлкен қателік» болатынын айтты.
Бейбітшілікке қол жеткізілмейінше, санкцияларды алып тастау қисынсыз. Өкінішке қарай, біз бұдан әлі алыс тұрмыз", – деді Шольц.
ЖАҢА ШАБУЫЛДАРҒА ДАЙЫНДЫҚ
Саммит барысында Украина президенті Владимир Зеленский Ресей үш бағытта жаңа шабуылдарға дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Біздің барлау мәліметтерімізге сәйкес, Ресей Сумы, Харьков және Запорожье бағыттарында жаңа шабуылдарға әзірленіп жатыр. Олар келіссөздерді әдейі созып, АҚШ-ты мағынасыз әрі ұзақ талқылауларға тартуға тырысып жатыр. Мақсаты – уақыт ұту және кейін тағы да жаңа аумақтарды басып ал", – деді Зеленский.
Сондай-ақ, ол еуропалық көшбасшыларды Украинада серіктес елдердің күштерін орналастыру бойынша нақты ортақ жоспар әзірлеуге шақырды. “Бізге бәріміз келісетін және дереу іске асыратын біртұтас, нақты жоспар қажет. Ол сіздермен алдын ала талқыланған және жүзеге асыруға дайын нұсқалар негізінде құрылуы тиіс" деп мәлімдеді Зеленский.