Жамбыл облысында жер сілкінісі кезінде 14 ғимарат бүлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жамбыл облысының әкімдігінің ақпаратына сәйкес, зілзала салдарынан 14 ғимарат бүлінгені анықталды. Оның ішінде тоғыз білім беру нысаны, екі денсаулық сақтау мекемесі, бір әлеуметтік қорғау саласының нысаны, бір спорт және бір мәдениет мекемесі бар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары жұмыс істеп тұр.
Меркі ауданында орталық аудандық аурухананың, «Балдәурен» балабақшасының және Талдыбұлақ ауылында тұрғын үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған. Сондай-ақ Абай (Т.Рысқұлов ауданы), Жаңатұрмыс ауылдарында тұрғын үйлер мен мектеп ғимаратының, Каменка ауылында мәдениет үйінің ғимаратына зақым келген.
ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ
Естеріңізге сала кетсек, кеше, 28 наурызда Жамбыл облысында екі жер сілкінді. Жер асты дүмпулері бірнеше елді мекенде, соның ішінде Шу және Тараз қалаларында сезілді. Ең жоғары қарқындылығы – 5 балл – Меркі ауданының Меркі ауылында тіркелді.
Жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін кеше, 28 наурызда үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысына жіберілген. Делегацияны төтенше жағдайлар вице-министрі басқарды, топ құрамына министрлер кабинеті мен ғылыми ұйымдардың өкілдері кірді.