Дипломатия тарихында кейбір даталардың мәні жай ғана күнтізбедегі белгімен шектелмейді. 2006 жылғы 14 қараша – сондай күндердің бірі. Дәл осы күні Есілдің сол жағалауында, «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайынан бірнеше жүз метр жерде АҚШ-тың Астанадағы жаңа елшілігі есігін айқара ашты.
Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген қасбеті бар үш қабатты ғимараттың құрылысына АҚШ қазынасынан 60 миллион доллар жұмсалды. Бұл нысан жай ғана кеңсе емес, Вашингтонның Қазақстан астанасымен ұзақ мерзімді әрі байыпты байланыс орнатуға ниетті екенін аңғартқан нышанға айналды.
Бұл оқиғаның мәнін тереңірек түсіну үшін Ulysmedia.kz тілшісі 1991 жылғы желтоқсанға, яғни Орталық Азияда АҚШ-тың бірде-бір дипломатиялық өкілдігі болмаған кезеңге оралды.
1991 жылғы 25 желтоқсанда АҚШ президенті үлкен Джордж Буш Кеңес Одағының ыдырауына байланысты халыққа үндеу жасады. Сол сөзінде Қазақстан үшін кейінгі көптеген құжаттан да маңызды бір мәлімдеме айтылды: Америка Құрама Штаттары республиканың тәуелсіздігін мойындады.
АҚШ тарихтың ең бір алмағайып шағында жас мемлекетті қолдаған алғашқы елдердің қатарында болды. Арада көп уақыт өтпей, 1992 жылғы 3 ақпанда Алматыда АҚШ елшілігі ашылды. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы америкалық елшілік еді.
Уақытша сенімді өкіл болып мансаптық дипломат Уильям Харрисон Кортни тағайындалды. Кейін ол АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы толыққанды елшісі болды.
1992 жылдың басында елшілік Кеңес Одағынан қалған, енді ғана босап жатқан мекемелердің бірінде жұмыс істеді. Сол кезде бұл шағын дипломатиялық өкілдік Вашингтонның посткеңестік кеңістіктегі ең ұзақ жұмыс істеген миссияларының біріне айналады деп ешкім ойламаған шығар.
Сол тұста «Қазақстанская правда» газеті «Америкалықтар әдеттегідей бірінші!» деген тақырыппен мақала жариялады. Бұл сөзден әрі әжуа, әрі тарихи шындықты мойындау байқалатын.
Арада он бес жылға жуық уақыт өтті. Қазақстанның астанасы Алматыдан Астанаға көшті. Елшілік те өз жұмысын жаңа астанаға біртіндеп ауыстырды. 2006 жылға қарай көшу процесі толық аяқталып, жаңа ғимарат салтанатты түрде ашылды.
– Жаңа үйімізге қош келдіңіздер! – деді сол кездегі АҚШ елшісі Джон Ордвей Қазақстан басшысын жылы шыраймен қарсы алып.
Ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл оқиғаның дипломатиялық мәніне айрықша тоқталды.
– АҚШ үкіметінің осында жаңа елшілік ғимаратын салу туралы шешімін Қазақстанның жаңа астанасының жоғары мәртебесін мойындау, Астананың жаңа келбетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес деп бағалаймыз, – деді ол.
Салтанатты рәсімнің қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Қонақтарды президент күзетінен бөлек, дипломатиялық кешенді қорғайтын америкалық теңіз жаяу әскері де тексерді. Ал журналистерден сақтық үшін ұялы телефондары уақытша алынды.
Астанадағы АҚШ елшілігі
Үш қабатты ғимарат АҚШ Мемлекеттік департаментінің елшіліктерге арналған стандартты жобасы бойынша салынғанымен, сәулетіне жергілікті нақыш енгізілді. Қасбеті қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендіріліп, ішкі бөлігінде батыс пен шығысқа қараған бес қабатты екі витражы бар атриум жасалды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің шетелдегі жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі бөлімінің атқарушы директоры, генерал Чарльз Уильямс бұл жобаның ауқымын ерекше атап өтті.
– Бұл ғимараттың бой көтеруіне екі құрлық пен Атлант мұхитының арғы-бергі жағындағы адамдар атсалысты, – деді ол.
Алайда 2006 жылғы 14 қарашадағы ашылу салтанаты өздігінен болған оқиға емес. Оның артында қазақ даласында америкалық дипломатияның негізін қалаған, он бес жыл бойы тынымсыз еңбек еткен адамдар тұрды. Олардың біріне ресми құжаттармен жұмыс істеуге тура келсе, енді бірі бейсбол добын ұстап, балаларға жаттығу өткізді.
Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясын алғаш басқарған Уильям Харрисон Кортни 1992-1995 жылдары қызмет атқарды. Ол Кеңес Одағынан қалған бос ғимараттардың бірінде жұмысын бастап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынастың негізін қалады. Клинтонның Назарбаевқа жолдаған жеке хаттарын жеткізіп, әлі қалыптасып үлгермеген дипломатиялық байланыстарды жолға қоюға атсалысты.
Уильям Харрисон Кортни. georgiatoday.ge
Оның орнын 1995-1998 жылдары Элизабет Джонс басты. Мансаптық дипломаттың тұсында екі ел арасындағы байланыс, әсіресе экономикалық салада нығая түсті.
Элизабет Джонс. wikipedia.org
Ол қазақстандық балаларға бейсбол ойнауды үйретуден де қашқан жоқ. Дипломатияның тек ресми кездесулер мен құжаттардан тұрмайтынын көрсететін нағыз мысал осы. Джонс болашақ жарымен де Алматыда танысқан. Екеуі Қазақстан тәуелсіздігінің бес жылдығын бірге атап өткен.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін кейін оған Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған медаль табысталды.
1998-2001 жылдары елшілікті Ричард Генри Джонс басқарды. Оның қызметі Қазақстанның ядролық қарусыздану тарихындағы маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол Кеңес Одағынан қалған ядролық және биологиялық қаруды жою бағдарламаларының аяқталуын қадағалап, Баку – Тбилиси – Жейһан мұнай құбыры жобасына қатысты келіссөздерде маңызды рөл атқарды.
Ричард Генри Джонс. peoples.ru
2001 жылы миссиясын аяқтаған кезде оны сол кездегі премьер-министр, кейін Қазақстан президенті болған Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
2001-2004 жылдары елшілікке Ларри К. Нэппер басшылық етті. Оның қызметі 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейінгі әлемдік саяси өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді.
Ларри К. Нэппер. wikipedia.org
Ол Қазақстанның терроризмге қарсы күреске қосқан үлесін қолдап, жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға атсалысты. Оның елшілік қызметі кезінде АҚШ-тың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 6 миллиард доллардан асты. Сондай-ақ кейін 2006 жылы ашылған жаңа елшіліктің құрылысына дайындық басталды.
Ал жаңа ғимараттың ашылу салтанатында лентаны қию құрметі Джон М. Ордвейге бұйырды. Ол 2004-2008 жылдары елші болып, Назарбаевты Қошқарбаев даңғылындағы жаңа кешеннің кіреберісінде қарсы алған «жаңа үйдің иесі» атанды.
Ордвей Қазақстанда екі рет қызмет етті. Алғашында елші болса, 2011 жылы дипломатиялық миссия басшысының міндетін уақытша атқарды. Ол қазақ тілі мен мәдениетіне деген ықыласымен есте қалды.
Жаңа ғимарат елшілік жұмысының жаңа кезеңіне жол ашты. Ал кейінгі жылдардағы тарихы осы қабырғалардың арасында өрбіген дипломатиялық қарым-қатынастармен сабақтасты.
2008-2011 жылдары елшілікті басқарған Ричард Э. Хоугланд Қазақстаннан кетерінде өз миссиясының басты жетістігі ретінде 775 ядролық оқтұмсық жасауға жететін материалдың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етуді атады.
Ричард Э. Хоугланд. casp-geo.ru
Оның тұсында Қазақстан АҚШ-тың өңірдегі екі дипломатиялық өкілдігі жұмыс істейтін жалғыз елге айналды. 2009 жылы Алматыда АҚШ-тың Бас консулдығы ашылды. Осылайша елшілік Астанада, ал Бас консулдық Алматыда жұмыс істей бастады.
2011-2013 жылдары елшілікті Кеннет Дж. Фэйрфакс басқарды. Оның дипломатиялық жолы 1990 жылдардың ортасында Мәскеуде қызмет еткен кезінен бастап ядролық қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты болды. Астанада жүргенде ол Қазақстанның Халықаралық ядролық отын банкін орналастыру бастамасын қолдады. Миссиясын аяқтаған соң Халықаралық энергетика агенттігі атқарушы директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
2015-2018 жылдары елші болған Джордж А. Крол өз қызметіндегі басты жетістік ретінде Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарын (СВПД) әзірлеуге қатысуын атады.
Джордж А. Крол. informburo.kz
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін оны марапаттап, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттағанын атап өтті.
2019-2021 жылдары қызмет атқарған Уильям Х. Мозер Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған кезеңнің басында елшілік тізгінін ұстады. Ол жаңа президенттің саяси және экономикалық реформаларына жоғары баға беріп, АҚШ Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қолдап келе жатқанын үнемі айтып жүрді.
Уильям Х. Мозер. АҚШ үкіметінің ресми сайты
2022-2025 жылдары елші болған Дэниел Н. Розенблюмнің тұсында екі ел арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Сауда, инвестиция, университеттер арасындағы әріптестік және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жанданды.
Дэниел Н. Розенблюм. wikipedia.org
Ал 2026 жылғы қаңтардан бері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін мансаптық дипломат Джули Стаффт атқарып келеді. Ол алғашқы күндерінен-ақ қазақ тілінде сөйлеп, екі ел арасындағы байланысты «ортақ тарихымыздағы ең үздік деңгейде» деп бағалады. Сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері америкалық инвестиция көлемі 100 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
Джули Стаффт. akorda.kz
Өтпелі кезеңдерде елшілік басшысының міндетін атқарған дипломаттарды да атап өткен жөн. 2021-2022 жылдары бұл қызметті атқарған Джуди Куо әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған USAID бағдарламаларын қолдады.
Джуди Куо. vlast.kz
Ал 2025 жылы миссия басшысының міндетін атқарған Дебора Робинсон АҚШ Қазақстаннан қандай да бір тарапты таңдауды талап етпейтінін мәлімдеді.
Дебора Робинсон. weproject.media
Осы тұста тарихтың тағы бір қыры ашылады. 2006 жылы Назарбаевтың тұсында ашылған Қошқарбаев даңғылы, 3 мекенжайындағы ғимарат Тоқаев президент болған кезеңде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Өйткені Тоқаевтың өзі де кәсіби дипломат. Ол БҰҰ жүйесінде қызмет атқарып, Бас хатшының орынбасары болған. Сондықтан дипломатиялық хаттамадағы әр сөздің салмағын жақсы біледі.
Айталық, 2001 жылы премьер-министр қызметін атқарып жүргенде ол миссиясын аяқтаған елші Ричард Джонспен кездескен. Арада жылдар өткен соң президент ретінде Джули Стаффттың сенім грамотасын қабылдады. Бұл кездесулерден дипломатиялық сабақтастықтың белгісін аңғаруға болады.
Тоқаев тұсында екі ел арасындағы байланыс жаңа серпін алды. 2025 жылғы қарашада Вашингтонға жасалған сапар, Boeing, Wabtec, NVIDIA компанияларымен жасалған миллиардтаған долларлық келісімдер, «Авраам келісімдеріне» қосылу, маңызды минералдар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық – соның айғағы.
Сонымен бірге АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын оңтайландыру да нақты іске айнала бастады.
2025 жылғы мамырда президент Тоқаев АҚШ-пен Алматыдан шамамен жеті гектар жерді 49 жылға жалға беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды.
Бұл жерге жай ғана жаңа ғимарат емес, Орталық Азиядағы АҚШ-тың ең ірі визалық орталығы салынады. Онда АҚШ Сауда министрлігінің, Есірткіге қарсы күрес басқармасының және Коммерциялық қызметінің кеңселері орналасады. АҚШ бұл келісім аясында біржолғы төлем ретінде 25,3 миллион доллар төлейді. Жаңа кешен қазіргі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жалға алынған кеңселердің орнын басады.
Елші Джули Стаффт жобаның ауқымын жоғары бағалап, оның Алматыдағы АҚШ дипломатиялық миссиясының мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті.
Өзгерістер тек ғимараттармен шектелмейді. 2024 жылғы маусымда Астанадағы елшілік пен Алматыдағы Бас консулдық виза рәсімдеу қызметін көрсететін жаңа компаниямен жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде сұхбаттасудан өтпей-ақ виза алуға құқығы бар азаматтар құжаттарын курьерлік қызмет арқылы тапсыра алады. Ал визалық алым мөлшері өзгерген жоқ. Бұл – көпшілікке бірден байқала бермейтін, бірақ консулдық қызметті адамдарға қолжетімді ете түсетін маңызды жаңалық.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бас инспекторы басқармасы 2008 жылы-ақ Астанадағы елшілікке қызметкерлер санын көбейтуді сұрамас бұрын бағдарламалық және әкімшілік қажеттіліктерге жан-жақты талдау жүргізуді ұсынған. Сондай-ақ Алматыдағы қызметкерлер санына қойылған шектеулерді алып тастауға кеңес берген. Себебі Алматы елдің мәдени, сауда-экономикалық, қаржы және көлік орталығы ретінде маңызды орын алады.
Бұл ұсыныстар бірден жүзеге аспаса да, елшіліктің даму бағытын айқындап берді. Мақсат – дипломатиялық өкілдікті жай ғана кеңейту емес, оның жұмысын тиімді ұйымдастыру.
Сондықтан 2006 жылғы 14 қарашаны АҚШ елшілігінің жаңа ғимараты ашылған күн ғана емес, Қазақстандағы америкалық дипломатиялық миссияның дамуындағы маңызды белес деуге болады. Бір кездері қарапайым кеңседен басталған елшілік бүгінде жұмысын жаңғыртып, жаңа міндеттерге бейімделіп келеді.
Қошқарбаев даңғылындағы ғимарат АҚШ дипломатиялық миссиясының саяси орталығы болып қала берсе, Алматыда бой көтеретін жаңа кешен адамдарға, бизнеске және тың бастамаларға қызмет көрсететін заманауи консулдық орталыққа айналмақ.