Сирия билігі елдің жаңа үкіметін таныстырды

Сырым Қаржас

Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа елдің жаңа «жасампаздық пен өзгеріс үкіметін» таныстырды. Оның құрамына бір әйел кірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW-ға сілтеме жасап.

 

knews.kg

ҚАЙТА ҚҰРУ

Жаңа үкіметтің құрамын Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа 29 наурызда таныстырды. Елдің әлеуметтік істер және еңбек министрі болып христиан азшылығының өкілі және Башар Асад режимінің көптен бергі қарсыласы Хинд Кабават тағайындалды. Аш-Шараа тұсында бекітілген сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрі қызметтерін сақтап қалды.

Сирияның уақытша жетекшісі үкіметтің басты басымдықтары «қайта құру» және «ұлт пен әрбір азаматтың мүдделеріне кепілдік беретін күшті әрі тұрақты мемлекет» құру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, армияны дамыту және экономиканы нығайту болатынын атап өтті.

ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы желтоқсанда «Хаят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) тобы бастаған исламшыл күштер Башар Асад режимін құлатты. 2025 жылдың наурызында жаңа билік Латакия, Тартус, Хама және Хомс провинцияларында көтеріліс ұйымдастырып, үкімет күштеріне шабуыл жасағаннан кейін құлатылған президенттің жақтастарына қарсы ірі әскери операция бастады.

Елдің құқық қорғау органдары хабарлағандай, көтерілісті аяусыз басып-жаншу кезінде 1500-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапты, олардың көпшілігі алавиттер.

Биылғы 10 наурызда Сирияның өтпелі үкіметі елдің батысында Асадтың жақтастарына қарсы әскери операцияның аяқталғанын хабарлады, оны құқық қорғаушылар «қырғын» деп атады. Сирия билігі зорлық-зомбылық жағдайларын тергеп жатқанын айтты. ГФР СІМ басшысы Анналена Бербек (Annalena Baerbock) Сирияға сапары барысында бейбіт тұрғындарды мақсатты түрде өлтіруді «ауыр қылмыс» деп атады және өтпелі үкіметтен кінәлілерді жауапқа тартуды сұрады.