Ресейшіл емеспін – Тасмағамбетов мәлімдеме жасады

Сырым Қаржас

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлеуметтік желілерде таралған «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберіледі екен» деген қауесетке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тасмағамбетов инстаграм желісінде қазақстандықтарға арнап мәлімдеме жасады. Бейнежазбада ол қоғамда резонанс туғызған «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін» деген қауесетке жауап беріп, даулы мәселеге нүкте қойды. Ulysmedia.kz  ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесін толық беріп отыр.

ҚИЫН ІС АДАМДЫ СЫНАЙДЫ

Қадірменді ағайын! Менің өмір жолымды қалың қазақ біледі ғой деп ойлаймын. Егемен мемлекет болғалы ел игілігіне аз да болса өз үлесімді қосқандаймын. Әрине, «ауыр жол атыңды сынайды, қиын іс адамды сынайды» деген. Осы жолда талай сый да, сын да болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жалған жала жауып бос айыптағандар да болды. Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім, сотқа жүгініп, кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені, атам қазақ айтпақшы «ақтың отын ақымақ өшіре алмайды», қашанда әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйендім.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ

Десе де өтірігі шындай, шыны құдай ұрғандай болған мынау әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр, жағадан алып, жаныштауға құмар екендігіне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды-көп абырой, атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім.

ЖАҚЫН МЕН ЖАТТЫ АЙЫРА БІЛЕМІН

Біріншіден, мен әрбір тасы қазақтың иісі аңқыған Атырауда туып, түшкірсе де баба дәстүрі деп түшкірген атамның тәрбиесін, көз ашқаннан санама қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, анамның тәлімін алып өскен қазақпын.

Шыңғыс Айтматов айтқан: «Жеті атасына тамыр жібермеген адам, жетесіз. Оны білмеген жерден әдепсіз қылық пен арам істен жиіркенбеу басталады» деген екен. Қарапайым да, қатал елдің философияны үлкендердің аузынан көп естіп, шыққан тегін, барар жерін, жақын мен жатты айыруды біліп өскендердің қатарынанмын. Ал енді бүгін ше? Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай?! Келісім сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұқанменен» дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да қадіріңді білмегеннің алдында еңсеңді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл.

БҰЛ СОҒЫСТА ЖЕҢІМПАЗ БОЛМАЙДЫ

Екіншіден, мен қолыма қару алып оқ атпасам да жауынгершілік заманның зардабын, соғыс атаулының зар заңын жақсы білетін, жастайымнан жаным сезетін жандардың бірімін. Өйткені әкемнің екі ағасы ұлы отан соғысында қаза болған. Қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен арылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды, бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу қаныпезерлік болар еді.

АҚСАҚАЛДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Осы орайда атамның бір әңгімесі еске түседі. Өткен ғасырлар болса керек. Барымта жасаған қазақтың бес-алты жігітін жергілікті отарлық сот үкім шығарып, итжеккенге айдағалы жатыр екен. Сонда сол елдің ағасы болған бір ақсақалдың көзінен парша-парша жас ағып, жылап тұр екен. Жанындағылар: “Уа, ақсақал, неге жылайсыз? Ұры жазасын алды, әділ емес пе” деген екен. Сонда ақсақал: “Еее, мен бұл бейбақтардың басы үшін емес, әрқайсының белінде он-оннан кеткен бала үшін жылап тұрмын” деген екен.

ҰЯЛАТЫН ЖЕРІМ ЖОҚ

Осыдан кейін өз қазағын соғысқа тартып жатыр деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың?! Білем, тұтас ойдан оймақтай сөзді жұлып алып, жаранға жар салатындар болған, бола да бермек. Өз тарапымнан халқыма айтарым, ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық. Ал ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар, сол мінез бұзылмасын. Әрине, әлеуметтік желіде отырып мән-жайды анықтамастан жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны – ар алдындағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы: “Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес. Менің де өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік ешнәрсе болған емес. Бүгін де елден жырақ жүрсем де туған елдің әрбір жетістігі мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті. Әрине, мен үшін еліміздің сенімінен шығу жолында мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап, жүргізудің маңызы өте зор. Оған қоса мұндай мәртебелі міндеттің үдесінен шығуда халқымыздың рухани қолдауы қашанда қымбат.

Сөз соңында ардақты ағайын, ораза айт құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, ізгі тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман болсын!

МӘСЕЛЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Естеріңізге сала кетейік, ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов «Известия» басылымына берген сұхбатында Еуропа әскерінің Украинаға кіру ықтималдығына байланысты сұраққа жауап берген. Осы сұхбаттан кейін әлеуметтік желілерде «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберіледі екен» деген қауесет кең тарап, қоғамдық резонанс туғызған.  

Иманғали Тасмағамбетов 2022 жылғы 23 қарашадан бері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы қызметін атқарып келеді.