АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Украина басшысы Владимир Зеленский пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі келісімнен бас тартқысы келеді. Трамптың сөзінше, егер Зеленский келісімнен шықса, «үлкен қиындықтарға» тап болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінше, Украина басшысы Владимир Зеленский сирек жер металдары жөніндегі келісімнен бас тартуға тырысып жатыр.
Егер ол мұны жасаса, үлкен, өте үлкен қиындықтарға тап болады, – деген Трамптың сөзін Reuters агенттігі келтіреді.
Ол НАТО мүшесі болғысы келеді, бірақ Украина ешқашан НАТО құрамына кірмейді. Ол мұны түсінеді, – деген АҚШ басшысы президенттік ұшақ бортында журналистерге.
Өткен аптада әлемдік БАҚ АҚШ-тың Киевке келісімнің жаңартылған нұсқасын ұсынғанын хабарлады. Жобаға сәйкес, Вашингтон Украинадағы барлық пайдалы қазба кен орындарын дерлік толық бақылауға алуды көздейді, алайда Киевке ешқандай қауіпсіздік кепілдігі берілмейді.
Зеленский Украина бұл құжатты алғанын растады. Бұған дейін, бейсенбі күні Парижде өткен баспасөз мәслихатында, ол жер қойнауын пайдалану келісімінің шарттары үнемі өзгеріп жатқанын айтқан болатын.
Келісімге қол қою АҚШ-тағы Ақ үйде Трамп, Зеленский және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасында келіспеушілік туындаған күні жоспарланған еді.
УКРАИНА МЕН АҚШ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМГЕ ТАЛПЫНЫС
2024 жылдың қараша айында Украина президенті Владимир Зеленский Трампқа сирек металдар бойынша келісім жасауды ұсынған. 2025 жылдың ақпанында Киев АҚШ қаржы министрі Скотт Бессентке Украинада бірлескен кен өндіру және АҚШ-тың басым құқыққа ие болу мүмкіндігі қарастырылған "серіктестік келісімін" тапсырды.
ТРАМПТЫҢ ҰСЫНЫСЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛОНИЯЛАУ МА
The Daily Telegraph газеті 2025 жылдың 17 ақпанында АҚШ әкімшілігінің ұсынысы тек сирек металдарды ғана емес, Украинадағы мұнай, газ, порттар және инфрақұрылымды да қамтығанын жазды. Газеттің мәліметінше, АҚШ-тың қойған шарттары "Украинаны экономикалық колонияға айналдыруға" және "мүмкін емес өтемақыларға" әкелуі мүмкін еді.
Келісім бойынша АҚШ-қа Украина табиғи ресурстарынан түскен табыстың 50%-ы және жаңа лицензиялардың жартысы берілетін еді. Бұл табыстар АҚШ кепілдігіне түсетін болған. Сарапшылардың айтуынша, "алдымен АҚШ-қа төлеу, содан кейін ғана халықты асырау" дегенді білдіреді.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЖАУАБЫ
Владимир Зеленский бұл құжатта "қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты нақты талаптар жоқ" деп, келісімге қол қоюдан бас тартты. Оның айтуынша, инвестиция тек қауіпсіздік кепілдіктерімен бірге қарастырылғанда ғана орынды болмақ. АҚШ билігі Зеленскийдің бұл шешімін "шала ойластырылған" деп бағалады.