Армения ҰҚШҰ-ға ақша бөлуден ресми түрде бас тартты

Сырым Қаржас

Армения ҰҚШҰ хатшылығын бюджет туралы шешімге қол қоюдан бас тартатыны жөнінде ресми түрде хабардар етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Армения сыртқы істер министрлігі елдің ҰҚШҰ бюджетіне жыл сайынғы жарнаны төлеуге қатысты ұстанымын түсіндірді, деп жазады Sputnik Армения. Ереван ұйым хатшылығын тиісті құжатқа қол қоюдан бас тартатыны туралы ресми түрде хабардар еткен.

Армян тарапы ҰҚШҰ хатшылығына 2024 жылғы бюджет туралы шешімге қол қоймайтынын және тиісінше ұйым қызметін қаржыландыруға қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство сондай-ақ ҰҚШҰ-ның ішкі рәсімдеріне сәйкес, жылдық бюджет туралы ақпарат көпшілікке жария етілмейтінін атап өтті.

ҰҚШҰ және Армения

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ақпанда елдің ҰҚШҰ-дағы мүшелігін "тоқтататынын" мәлімдеген болатын. Мамырда Ереван ұйымды қаржыландыруды да тоқтатты. Ал жазда Армения ҰҚШҰ оқу-жаттығуларына қатысудан бас тартатынын жариялады.

31 тамызда Армения ұйымның барлық құрылымдарындағы жұмысын толықтай тоқтатты.

ҰҚШҰ

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – мүше елдердің біріне сырттан қауіп төнген жағдайда өзара қорғаныс міндеттемелерін көздейтін халықаралық құрылым.

2002 жылы құрылған ұйымға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.