Украина және ресейлік телеграм арналарда соғыста өлген адамдардың тізімі жарияланып тұрады. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕСКЕРТІЛСЕ ДЕ СОҒЫСҚА БАРЫП ЖАТЫР
Украинадағы соғысқа Қазақстанның азаматтары да қатысып, алды жараланып, өліп жатқаны жасырын емес. Мысалы, 2024 жылдың мамыр айында ресейлік «Медиазона» басылымы Украинадағы соғыста Қазақстан азаматы Данил Ермоленконың қаза болғанын хабарлады. Ол Ресейдің 74-ші жеке гвардиялық мотоатқыштар бригадасында қызмет етіп, «Қазақ» деген лақап атпен белгілі болған. Ермоленко Ақмола облысының Бурабай ауылындағы емханада тіркеуде тұрған. Былтыр сонымен қатар, Орал қаласының тумасы Айбек Рамазанов атты азамат та Украинадағы соғыста өлген еді.
Украина үкіметінің мәліметі бойынша, Ресей күштері қатарында соғысып, тұтқынға түскен 21 қазақ ұлтының өкілінің алтауы биыл Қазақстан азаматтары екені анықталған. Қазақстан үкіметі азаматтарын Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатыспауға шақырып, мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін аракідік ескертіп отырады.
НЕНІҢ ЫҚПАЛЫМЕН СОҒЫСҚА КЕТТІ
Жалпы, Қазақстанның қанша азаматы Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны турасныда нақты сандар мен толық мәліметтер болмағандықтан, бұл мәселе бойынша толық ақпарат беру қиын. Десе де “Ликвидатор” және “Не жди меня из Украины” телеграм-арналарында Қазақстанның азаматтары жайлы мәліметтер кездеседі. Соның бір шоғырын журналист Лұқпан Ахмедияов парақшасында жариялады. Олардың арасында “Қазақ” лақап атты Сергей Зинченко (СҚО тумасы), “Стрела” лақап атты Юрий Набоков (СҚО-дан), “Ленин” лақап атты Александр Ульянов (Семей), “Чимкент” лақап атты Александр Тишков бар. Телеграм-арналардың мәліметінше, бұл адамдар не өлген немесе тұтқынға түскен.
“Бұл адамдардың Украинаға барып, Ресей басқыншыларының қатарында қалай тап болғанын бәрі түсінетін шығар: олар өмір бойы Қазақстанда тұрғанымен, жылдар бойы орысшыл телеарналарды көріп, Қазақстанды ешқашан өз Отаны санамаған” дейді журналист парақшасында.
СОҒЫС ЖАЙЛЫ
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға кең ауқымды әскери басқыншылық жасады. Бұл соғыс Ресейдің 2014 жылы Қырымды аннексиялауынан кейінгі ең ірі қақтығыс болды. 2022 жылы Ресей әскері Киевке дейін жылжыды, бірақ Украина қарсылығына тап болып, сол жылдың сәуірінде солтүстік аймақтардан шегінуге мәжбүр болды. Жазда Ресей Луганск облысын толығымен басып алды, алайда Украина Харьков облысында қарсы шабуыл жасап, біраз аумақты қайтарып алды. 2023 жылы соғыс позициялық сипат алды. Ресей Бахмут үшін бірнеше ай бойы шайқасып, қаланы басып алды. Украина жағы контршабуыл бастағанымен, үлкен жетістіктерге жете алмады. 2024 жылы Ресей Донецк облысындағы Авдеевканы басып алды. Украина әскерінде оқ-дәрі тапшылығы байқалды, ал Ресей жаңа шабуылдар жүргізуге тырысты.
Қазір соғыс әлі жалғасып жатыр. Екі жақ та адам күші мен ресурстардан үлкен шығынға ұшырады. Украина Батыстан әскери көмек алуды жалғастыруда, ал Ресей әскерін күшейтіп, майданда басымдыққа ие болуға ұмтылады.