Өзбекстанда біздегідей несиелеу шарты жоқ, олар армандап қана отыр – Жұманғарин

Аян Өрібай

Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, Қазақстандағы ұзақ мерзімді несие беру жүйесі көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ

Егер Ұлттық банктің мөлшерлемесін төмендетсек, бұл бизнес үшін өте пайдалы болмақ. Қазірдің өзінде 7 жылға дейінгі мерзімге несие беру мүмкіндігі бар. Бұл – өте жақсы шарт. Кеше ғана Алматыда өзбекстандық әріптестермен кездестік. Олар мұндай мүмкіндікті армандап отыр. Ұзақ мерзімді әрі қомақты несие алғысы келеді. Бізде 8 трлн теңге, яғни 16 млрд доллар несие беруге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жолдарды қаржыландыру үшін тағы 4 млрд доллар қарастырылған, – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, қазіргі несиелердің шарттары бірдей болғандықтан, оларды саралау қажеттілігі жоқ. Бірақ болашақта мұндай өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Қазақстан үкіметі қаржыландыру бағыттарын нақтылап, басымдықты өнімділігі жоғары металлургия, сирек кездесетін металдар өндірісі, мұнай-химия, көмірсутек химиясы, көлік, логистика, IT, туризм және инфрақұрылым салаларына беріп отыр. Ал газоблок, кірпіш және цемент зауыттарына қолдау көрсетілмейді, себебі олардың саны елде жеткілікті.