Соңғы жылдары әлемді дүр сілкіндірген криптовалюта бүгінде біреулер үшін байлыққа апарар жол болса, екіншілер үшін қауіп-қатердің бастауы саналады. Әсіресе, биткоин сияқты орталықсыздандырылған цифрлық ақшалардың айналасында дау-дамай көп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы цифрлық ақшаға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
БИТКОИН ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Биткоин (Bitcoin, BTC) – орталықсыздандырылған, тек қана дүниежүзілік желіде жүзеге асатын виртуальды валюта. Бұл жүйені әлемдегі ешбір банк, агенттік немесе мемлекеттік органдар қадағаламайды әрі ол еш жерде басылып шығарылмайды. Криптовалютаның бұл түрі математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқылы шығарылады. Яғни, «Bitcoin Mining» деп аталатын процесс жүзеге асады.
ҚМДБ ПІКІРІ: БИТКОИН ШАРИҒАТҚА ҚАЙШЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биткоин криптовалютасының шариғатқа қайшы келетінін ресми түрде мәлімдеді.
“Біріншіден, шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт. Бұған қатысты ислам ғұламалары да бірқатар пікір қалдырған. Мысалы, Әбу Али Хасан әт-Тауси былай деген: «Ғасырлар бойы ақшаны шығару құқығы патшадан өзгеге берілмеген». Биткоин бұл талаптарға сәйкес келмейді. Ол ешбір ұлттық валютаның сипатына ие емес, себебі мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған. Нақты активтері жоқ, орталықтандырылмаған виртуальды ақша. Оның нарығы күрт өзгеруі мүмкін. Сондықтан бұл валютамен шұғылдану адамның мал-дүниесін арам жолмен жеуге әрі құқықтарын жоюға алып барады”- дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН САУДА МА?
Шариғатта сауда-саттықтың дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушы, ақша мен тауар нақты белгілі болуы шарт дегенді де алға тартады.
“Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алаяқтыққа, алдауға соқтырады. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер», – деген. Биткоинның жасырын табиғаты экономикалық тұрақсыздық пен қоғамдағы теріс құбылыстардың таралуына әкелуі мүмкін”
ҚОРЫТЫНДЫ
Мысыр елінің пәтуа комитеті және Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі де биткоинға тыйым салған. ҚМДБ пікірінше, криптовалютада алаяқтық, белгісіздік және зиян келтіру қаупі бар болғандықтан, оған мүлдем жол берілмейді.