Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Қазақстан Республикасының туы жанында даулы суретке түскен үш қыздың ісін қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 23 наурызда Атырау қаласындағы Мұз айдыны сарайында азаматшалар Н., А. және кәмелетке толмаған Х. Қазақстан Республикасының туы фонында араб жазуы бейнеленген суретке түсіп, оны әлеуметтік желілер арқылы таратқан. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық ретінде танылды.
ҚЫЗДАРДЫҢ КІНӘСІ МАТЕРИАЛДАРМЕН ТОЛЫҚ ДӘЛЕЛДЕНДІ
Қыздардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, суретпен, рапортпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
СОТ ШЕШІМІ МЕН ЖАЗАЛАР
Сот құқық бұзушыларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) кінәлі деп таныды.
Азаматша Н.-ға қатысты ауырлататын мән-жайлар ескерілді — кәмелетке толмағанды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту және топ болып құқық бұзушылық жасау. Осыған байланысты ол 15 тәулікке қамауға алынды.
Құқық бұзушы А.-ға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот әзір үкімі күшіне енген жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанның Мемлекеттік туының жоғарғы жағында арабша жазу жазылып, қылыштың бейнесі бар фото желіде тараған. Қыздардың бет-жүзін тұмшалағаны әрі туды бұрмағаландары көпшіліктің ашуын туғызған.
WILDBERRIES ЖЕЛІСІНДЕ БАР
Әлеуметтік желіде дүрбелең тудырған фотодағы Қазақстанның туын Wildberries интернет дүкенінде сатып жатыр екен. Ол үшін “Қазақстан туы шахадпен” деп іздесеңіз алдыңыздан шығады. Құны 855 рубльден басталып 947 рубльге дейін барады. Бұл теңгеге шаққанда 5-6 мың теңгенің арасында.