Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкинге қойды.
МИНИСТР БАЯНДАМА ЖАСАП ЖАТҚАН КЕЗДЕ ЕГОВ-ТАН АҚАУ ШЫҚТЫ
Бүгін таңертеңнен бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін өтініш беру басталған. Алайда әуелі еgov.kz порталы істемей қалды, кейін істегенімен ішінен 1 сыныпқа балаларды қабылдау қызметі жойылып кетті. Дәл осы кезде Қазақстанның цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкіметте “Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мектепке қабылдау кезінде қағазбастылықты толық жойдық” деп баяндама жасап жатқан еді.
Мәдиевтің өзі үкіметтегі баяндамасынан кейін журналистер алдына шыққан жоқ. Орынбасары Ростислав Коняшкинді жіберген.
Егов порталы жыл сайын осылай істемей қалады. Бүгін үште істейді деп отырсыздар. Ол кезде де сайт ашылмаса не істейміз? Балаларын үй жанындағы мектепке бере алмаған ата-аналардың алдында кім жауапты болады? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі вице-министрден.
КОНЯШКИН НЕ ДЕЙДІ
Оның айтуынша, егов порталында бірінші сыныпқа қабылдау қызметі бүгін сағат 15.00-де қайтадан іске қосылады.
Сол кезде портал бүкіл жүктемег шыдар деп үміттенеміз. Кез келген мемлекеттік қызметті іске қосар алдында дайындық жасау жөнінде айтар болсам, ол қызметті қосар алдында соған жауапты мемлекеттік органмен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл бірлескен жұмыс. Ата-аналар алдындағы жауапкершілік туралы айтар болсам, иә, басқа мемлекеттік органдар сияқты біз электронды үкіметке жауапты адам ретінде бұл сервистің қызметіне жауаптымыз, – деді вице-министр.
Егер осы қызметті еңсере алмасаңыздар бұрынғы түріне қайтару жоспарда жоқ па деген сұраққа Коняшкин былай жауап берді.
Цифрлық бағыт қашан да дұрыс жол, бірақ оңай жол емес. Цифрландыруды күшейту арқылы жемқорлықтвң алдын алып, ашықтықты қамтуға болады. Егер цифрландыру болмаса, адамдар бір-бірімен кездескенде жемқорлық қаупі туындауы мүмкін. Қандай жағдай болмасын цифрландыруды жалғастырамыз. Бірақ цифрлық қызмет көрсете алмасақ, офлайн қызмет көрсетуіміз керек! Ол үшін ХҚО-лар қызмет көрсетеді. Бірақ қазір мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматқа көшірілген. Сондықтан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жалғастыра береміз”, - деді ол.