Салық қызметкерлері премиум фитнес клубтар мен мейрамханаларды тексере бастады

Сымбат Сатыбалдина

Мемлекеттік кірістер комитеті нақты шығын мен кірісті салыстыру мақсатында ірі премиум санатындағы фитнес клубтар мен мейрамханаларды тексеруді бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ТЕКСЕРІС

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей белгіленген режімде жұмыс істейтін және өзінің салық міндеттемелерін оңтайландыратын салық төлеушілерге байланысты әкімшілендіру ісін жалғастырып келеді.

Айталық, қазір мемлекеттік бюджетке 27 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Оның ішінде құрылыс компанияларынан – 16,5 млрд теңге, сауда ұйымдарынан - 2,8 млрд теңге, қызмет көрсету саласы бойынша – 2,1 млрд теңге, сондай-ақ басқа салалардан – 5,6 млрд теңге түсті.  Бұл ретте осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын айта кетейік.

Бұдан бөлек комитет нақты шығындар мен кірістерді салыстыру мақсатында ірі премиум санатындағы фитнес-клубтар мен мейрамханалар сегментінде хронометражды тексеруді бастауға кірісті.

ТОЙДЫ ТЕКСЕРУ

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті енді асабаға, банкетке, тіпті тойбастарға кеткен ақшаны есептеуге кіріскені туралы жазған едік. Егер шығын табысқа сай келмесе, салықшылар тексеріс жүргізуі мүмкін.

Көпшілік той жасау үшін несие алып, жылдар бойы жинаған ақшасын жұмсайды. Енді мемлекеттік кірістер комитеті сол шығындардың қайдан шыққанын жіті тексермек.