Қазақстан қазынасы "Google салығының" арқасында 2022 жылдан бері 85 миллиард теңгеге толықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл салық енгізілген сәттен бастап елімізде 105 шетелдік компания ресми тіркелген. Олардың қатарында әлемдік стриминг платформасы Twitch Interactive, ойын индустриясының алпауыты Take-Two Interactive Software, сондай-ақ InGroup International LLC (INCruises) секілді ірі корпорациялар бар.
Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылдан бері Қазақстан бюджетіне 84 миллиард теңгеден астам қаражат түскен.
Аталған салық 2022 жылы енгізіліп, Қазақстанда электронды тауар саудасымен айналысатын және цифрлық қызмет көрсететін шетелдік компанияларға міндеттелген.
Биылғы ақпан айындағы жағдай бойынша елде 101 шетелдік компания тіркеліп, жалпы сомасы 75 миллиард теңге салық төледі. Соңғы бір жылдың өзінде бюджетке 35 миллиард теңге түскен.
Айта кетейік, жуырда Мәжіліс депутаты шетелдік маркетплейстердің 200 еуроға дейінгі тауарларды бажсыз әкелу мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстанда салықтан жалтарып отырғанын сынға алды. Ол бұл платформалар отандық нарықтың едәуір бөлігін жаулап алғанын алға тартып, оларды міндетті түрде ҚҚС төлеуге міндеттеу қажеттігін ұсынды.